Бұл туралы бүгін ҚР Парламенті Мәжілісінде «Қазақстанның көші-қон заңнамасы: жетілдіру жолдары» тақырыбында өткен дөңгелек үстел барысында Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі Көші-қон комитетінің төрағасы Қабылсаят Әбішев мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Былтыр аталған бағдарлама аясында Көкшетау қаласында 276 үй салынып, бұның 159-ына этникалық қандастарымыз орналасты. Ағымдағы жылы Шығыс Қазақстан облысында да 200 пәтер қолданысқа беріледі. Ал Шымкент қаласындағы «Асар» шағын ауданында қазіргі күні 532 тұрғын үйдің құрылысы толық аяқталды, қалған 43 үйде әрлеу жұмыстары жүргізілуде», деді Қ. Әбішев.
Оның сөзіне қарағанда, бағдарлама бойынша салынып жатқан бұндай баспаналарға кез-келген оралмандар қол жеткізе алмайды. Мәселен, аталған жоба аясында салынып біткен үйлерге иеленуші этникалық қандастарымыз еңбек қабілеті болуы шарт. Өйткені, баспанаға ие болған оралмандар айына 30 мың теңгеге жуық кредит төлеуі шарт екен.