«Нұрлы көш» бағдарламасы аясында үш жылдың ішінде 60 мыңнан астам мигрант отбасыларын қабылдау көзделуде - Б. Сапарбаев

None
АСТАНА. Қаңтардың 28-і. ҚазАқпарат /Ернұр Ақанбай/ - «Нұрлы көш» ұлттық бағдарламасы аясында үш жылдың ішінде елімізде 60 мыңнан астам мигрант отбасыларын қабылдау жоспарланып отыр.
Бұл туралы бүгін Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің кеңейтілген алқа мәжілісінде министр Бердібек Сапарбаев айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат. «Көші-қон саясатының жаңа әдістері «Нұрлы көш» бағдарламасын жүзеге асырумен байланысты. Жұмыс берушілердің мамандықтардың нақты түрлеріне деген сұранысын ескере отырып, бағдарлама үш жылдың ішінде 60 мыңнан астам мигрант отбасыларын қабылдауды қарастырып отыр», деді алқада Б. Сапарбаев.Оның айтуынша, жобаға қатысушылардың барлығы ипотекалық кредит шарты бойынша тұрғын үймен қамтамасыз етілетін болады. Оралмандар үшін қолданыстағы заңнамада қарастырылған әлеуметтік қолдау сақталады. «2009 жылы мигранттарды Оңтүстік Қазақстан, Шығыс Қазақстан және Ақмола облыстарында жайғастыру мен жайластырудың үш ілкі жобасын іске асыру жоспарланып отыр. Сонымен бір мезгілде шектес елдерден миграцияны реттеу жөніндегі шаралар қабылданатын болады», деді Б. Сапарбаев. Айта кетейік, өңірлерді демографиялық және әлеуметтік-экономикалық жағынан дамыту, сондай-ақ бағдарламаға қатысушылардың әлеуетін іске асыру мүддесімен этникалық қазақтарды, бүгінде шетелде тұратын Қазақстанның бұрынғы азаматтарын және еліміздің қолайсыз аймақтарында тұратын азаматтарымызды ұтымды қоныстандыру «Нұрлы көш» бағдарламасының басты мақсаты.