«Нұрлы көш» бағдарламасындағы әлеуметтік пакеттер «Жұмыспен қамту» бағдарламасында толық қамтылып отыр - Т. Дүйсенова

АСТАНА. ҚазАқпарат- «Нұрлы көш» бағдарламасындағы әлеуметтік пакеттер «Жұмыспен қамту» бағдарламасында толық қамтылып отыр. Бүгін Парламент Сенатының жалпы отырысында Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрі Тамара Дүйсенова осылай мәлім етті.

Еске салайық, жалпы отырыста «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне халықтың көші-қоны және жұмыспен қамтылуы мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Заңы қабылданды.

Айта кетерлігі, құжатты талқылау барысында сенаторлар «Нұрлы көш» бағдарламасы секілді бағдарлама қабылдау туралы мәселе көтерген болатын.

«Нұрлы көш» бағдарламасы «Жұмыспен қамту-2020» бағдарламасы қабылданғанға дейінгі құжат еді. Сондықтан да, біз қазір сол бұрынғы «Нұрлы көш» бағдарламасында қарастырылған әлеуметтік пакетті «Жұмыспен қамту» бағдарламасына енгіздік. Бір ерекшелігі, аталған әлеуметтік пакет оралмандар үшін ғана емес, осында тұрып жатқан азаматтар үшін де бірдей берілетін болады. Әрине, бұл ретте белгілі бір талаптар орындалуы керек. Мәселен, ол азаматтар Үкімет белгілеген еңбек ресурстары тапшы өңірлерге барып, сонда қоныстанып тұруы тиіс», деді Т. Дүйсенова.

Бұдан бөлек, сенаторлар «оңтүстіктен солтүстікке» қоныстандырудың кешенді бағдарламасын қабылдау туралы мәселелер көтерді.

«Әрине, солтүстік өңірлерде жұмыс орындарын ашу мүмкіндігіне қарай бірінші кезекте оңтүстіктегі халық тығыз орналасқан елді мекендерден солтүстікке қоныстандыру қарастырылады. Сонымен қатар, арнайы бағдарлама жасасақ, ол барлық бағдараламада қамтылған дүниелерді қайталайтын еді. Сол үшін біз қолданыстағы бағдарламаларды осындай өзгерістермен толықтырдық», - деді министр.