Нұрлы жер: Ақмолада бағдарлама бойынша 4,2 мың баспана беріледі

АСТАНА. ҚазАқпарат - Ақмола облысында «Нұрлы жер» мемлекеттік бағдарламасы бойынша биыл 4 200 баспана пайдалануға беріледі. Бұл туралы облыс әкімі М.Мырзалин мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Елбасының халықты қолжетімді әрі сапалы баспанамен қамтамасыз ету туралы тапсырмасы әкімдіктің басты назарында. Бұған дәлел, «Нұрлы жер» бағдарламасына сәйкес тұрғын үй салуға инфестиция көлемі 9 айдың ішінде 35% өсті. Жыл соңына дейін 465 мың шаршы метр тұрғын үй яғни 4 200 пәтер пайдалануға беріледі. Оның ішінде 14 тұрғын үй жалдамалы, 4 тұрғын үй несие түрінде. Бұдан бөлек, жеке құрылысты дамыту бойынша 5 800 жер телімін инженерлік коммуникациялармен қамтамасыз ету жұмыстары жоспар бойынша жүргізілуде», - деді М.Мырзалин.

Облыс басшысы, сонымен қатар өңірдегі «7-20-25» тұрғын үй бағдарламасының жүзеге асырылу жайына да тоқталды.

«Алдағы 2 жылда 11 заманауи кешен тұрғызылады, ол дегеніміз 2 670 пәтерден тұратын 26 тұрғын үй. Осы жылдың 25 қазанындағы жағдай бойынша 1,3  млрд теңгені құрайтын 151 өтінім мақұлданды, аталған бағдарлама бойынша республика рейтингінде біз 5-орындамыз», - деді ол.

Сонымен қатар, М.Мырзалин 2019 жылы жастар жылына орай «Ақмола жастары» бағдарламасының қолға алынатынын, соның аясында Көкшетауда 4 тұрғын үй салынып, 400 жас отбасы баспанамен қамтылатынын да айтып өтті.

Бұған дейін хабарлағанымыздай, бүгін Ақмола облысының әкімі аймақтың осы жылдың 9 айындағы әлеуметтік-экономикалық дамуын қорытынды есеп беруін өткізді. Баспасөз мәслихатында өңірде «Бизнестің жол картасы» бағдарламасы бойынша 15 мың жұмыс орны ашылғанын айтқан болатын. 

Одан бөлек, аймақ басшысы елорда іргесіндегі елдімекендердің дамуына қатысты түсінік берді.