ОРАЛ. ҚазАқпарат – «Нұрлы жер» мемлекеттік бағдарламасы аясында Ақсай қаласында тоғыз қабатты тұрғын үй пайдалануға берілді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
БҚО әкімдігі мәлім еткеніндей, кезекте тұрған 126 адам баспаналы болды.
Бөрлі ауданында «Нұрлы жер» бағдарламасы аясында үш көпқабатты үй тұрғызу жоспарланса, бұл – соның екіншісі. Биылғы мамырда «Отбасы банк» салымшылары үшін осындай 126 пәтерлік үй іске қосылған еді.
Жаңа үйдің ерекшелігі, мұнда пәтерлер сатып алу құқығынсыз жалға беріледі. Баспаналы болғандар ішінде жетім өскен 40 тұрғын, 48 көпбалалы отбасы бар. Тұрғын үйі апатты деп танылған бір азамат та пәтер кілтін алды.
Қаланың 10-шағынауданында бой көтерген тұрғын үйдің ауласында балалар және спорт алаңдары бар. Мектеп-лицей мен екі балабақша да қашық емес.
Екінші дүниежүзілік соғыстың ардагері Михаил Шепельге жаңа үйден жекешелендіру құқығымен бір бөлмелі пәтер берілді. Оған аудан басшылығы тарапынан сый ретінде теледидар тарту етілді.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).