«Нұрлы жер» аясында әлеуметтік баспанаға мұқтаж азаматтарға басымдық беріледі

Фото: None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Жалпы әлемде қаржы ресурстарын үнемдеу шаралары жүріп жатқаны белгілі. Дағдарыс кезеңінде әрбір ел өзіндік проблемаларын барынша ұтымды шешуге тырысып бағуда. Бұл ретте Қазақстан да маңызды бағдарламаларды іске қосып, солардың аясында елдегі әлеуметтік мәселелер, индустриалды даму, инфрақұрылымды жетілдіру, баспана құрылысы секілді маңызды бағыттарға айрықша мән беруде.

Министрлер кабинетінің бүгінгі отырысында Қазақстандағы баспана құрылысындағы түйткілді мәселелер кеңінен талқыланып, жол берілген кемшіліктерді жоюға қатысты тапсырмалар жүктелді. Осы орайда жылдың соңына дейін тұрғын үй және әлеуметтік нысандар құрылысында биылғы жоспар тиісті деңгейде орындалуына назар аударылды. Атап айтқанда, елімізде 25 жылдың ішінде бір миллионға жуық отбасы баспаналы болған көрінеді. Сонымен қатар  1,4 мың мектеп іске қосылды, 1,3 мың денсаулық сақтау нысандары пайдалануға берілді.

«Тәуелсіздігіміздің 25 жылдығына дейін қалған аз уақыттың ішінде жоспардағы нысандардың барлығын белгіленген мерзімде тапсырып, тұрғындарға жұмыстардың аяқталғандығы туралы есебімізді беруіміз қажет. Осы ретте жоспарлы жұмыстарды соңына дейін жеткізуге бізде мүмкіндіктер жеткілікті», - деді Премьер-Министр Бақытжан Сағынтаев Үкімет мүшелеріне қаратып айтқан сөзінде.

Бұл тұрғыда, Үкімет басшысы еліміз аумағындағы құрылыс жұмыстары барысында қазақстандық материалдарға басымдық беру керектігін қадап айтты. Өйткені, бүгінде тек 58 пайыз деңгейінде отандық құрылыс материалдары пайдаланылып келеді екен. Енді жауапты мекемелердің алдында  бұл көрсеткішті 80 пайызға дейін жеткізу мақсаты тұр. Бұл өз кезегінде еліміздегі құрылыс материалдарын шығаратын компанияларға елеулі қолдау болмақ.

ҚР Ұлттық экономика министрлігі келтірген мәліметтерге қарағанда, үстіміздегі жылы қаржыландырудың барлық көздері есебінен 830 млрд. теңге сомаға шамамен 9 млн. шаршы метр тұрғын үйді іске қосу жоспарланып отыр. Атап айтқанда, осының бәрі, ең алдымен «Нұрлы жол» бағдарламасының және Үкімет пен Ұлттық банктің дағдарысқа қарсы шараларының аясында қабылданып жатқан оң әсерге байланысты болып отыр. «Нұрлы жол» мемлекеттік бағдарламасында 2020 жылға қарай 4,5 млн. шаршы метр тұрғын үйді іске қосу көзделген.

Аталған министрліктің басшысы Қуандық Бишімбаевтың айтуынша, биыл тұрғын үй құрылысы мен инфрақұрылымды дамытуға 442,5 млрд. теңге бөлінген. Оның ішінде  Ұлттық қордан 423,9 млрд және республикалық бюджеттен  18,6 млрд. теңге қарастырылып отыр. Бұл қаражаттың ішінде жалға берілетін тұрғын үй құрылысына  82,8 млрд. теңге жұмсалады. Оған  2016 жылы  554,8 мың шаршы метр (9 010 пәтер), 2017 жылы  587 мың шаршы метр (9 923 пәтер) пайдалануға беріледі. Несиелік жалға берілетін тұрғын үй құрылысына  129,8 млрд. теңге қарастырылған. Аталған қаржыға 2016 жылы  223,4 мың шаршы метр (3 111 пәтер), 2017 жылы 798,3 мың шаршы метр (12904 пәтер) іске қосылмақ. Ал коммерциялық жалға берілетін тұрғын үй құрылысына 97 млрд. теңге көзделген. Бұл қаржыға 2017 жылы  498,2 мың шаршы метр (10 600 пәтер) салынады. Бұнан бөлек, инженерлік-коммуникация инфрақұрылымын тартуға 110,9 млрд. теңге, Қазақстанның Тұрғын-үй құрылыс жинақ банкінің салымшыларына несие беруге  22 млрд теңге бөлінеді.

«Нәтижесінде, мемлекет қаражаты есебінен 2015 жылы және 2016 жылдың өткен кезеңі ішінде 22,6 мың отбасы және жылдың соңына дейін қосымша 6,8 мың отбасы баспанамен қамтамасыз етіледі. 2017 жылы  33 мың пәтер салынатын болады», - деп нақтылады Қ.Бишімбаев.

Талқылаулар барысында ҚР Премьер-Министрі Бақытжан Сағынтаев баспанаға кезекте тұрғандар легінің соңғы 3 жылда 2,5 есе артуы алаңдайтын жайт екенін аңғартты. 

«Қуандық Уәлиханұлы, менде бір сауал бар. Статистикаға қарасақ, соңғы 2-3 жылда кезекке тұрушылардың саны күрт өсіп кетіпті. Мәселен, 2013 жылдан бастап алсақ, 3 жылдың ішінде  біздегі өсім 2,5 есе болып отыр. Бұл мәселеде қандай да бір түгендеу жүргізіле ме, әлде бәрін тіркей береміз бе? Бір адам бірнеше қалада кезекте тұруы мүмкін ғой», - деп сұрады Үкімет басшысы ҚР Ұлттық экономика министріне қаратып айтқан сөзінде. 

Өз кезегінде министр елімізде кезекке қою тетіктері «Тұрғын үй қатынастары туралы» заңда қарастырылғанын айта келе, шынымен де кезекке тұра алатын азаматтар санаты бізде өте көп екенін жеткізді.

«Азаматтардың алатын табыстарының деңгейіне қарай бөлу жоқ. Заңға белгілі бір жаңғырту жүргізу талап етіледі. Бұған қоса, өсімнің артуына соңғы уақытта мемлекеттің тұрғын үй құрылысына баса назар аударуы да түрткі болып отыр», - деді ол.

Жалпы алғанда,  бұндай үрдістің байқалуына бүгінде елімізде жалға берілетін және сатылатын үйлердің көптеп салынып жатқандығы себеп болып отырған көрінеді. Соған сәйкес, Тұрғынүйқұрылысжинақбанкі салымшыларының  статистикасынан   байқағанымыздай, 2 жылда 34 пайызға  өсім бар. Дәл осындай жайт кезекке де байланысты туындауда.

Айтпақшы, енді  «Нұрлы жер» бағдарламасы аясында бұл мәселелердің барлығына тиісті шешім жасалмақ. Бұған қоса, шын мәнінде әлеуметтік баспанаға  мұқтаж азаматтар оған үміткер бола алатындай заңнамаға бастамалар енгізіледі. Бүгінде Мемлекет басшысының тапсырмасын іске асыру үшін Ұлттық экономика министрлігі «Нұрлы жер» тұрғын үй құрылысы бағдарламасын әзірлеу жұмыстарын жүргізіп жатыр. Бағдарламаның тұжырымдамасында тұрғын үй құрылысын тікелей қаржыландырудың орнына ипотекалық несие беруді дамытуға көшу және жеке құрылыс салушыларды ынталандыруға екпін қойылады.

Бұл ретте министр жасалып жатқан жаңа бағдарламалардың негізгі міндеттерін атады.  Яғни, бағдарламада пайыздық мөлшерлемелерді субсидиялау жолымен екінші деңгейдегі банктердің қолжетімді ипотекалық қарыздар беруі арқылы сұранысты ынталандыру, тұрғын үй салу үшін құрылыс салушыларға қолжетімді қарыздар беру арқылы ұсынысты ынталандыру ескерілген. Сонымен қатар онда Тұрғын үй жинақ банкінің салымшылары үшін «жаңғыртпалы» қағидат бойынша  несиелік тұрғын үй салу және жалға берілетін тұрғын үйдің өңірлік қорын құру, мемлекеттің инженерлік коммуникация инфрақұрылымын жүргізуі және жер учаскелерін беруі, инженерлік инфрақұрылымға жұмсалған шығындарды өтеуі арқылы жеке тұрғын үй құрылысын дамыту көзделеді.

Қазіргі кезде  министрлік аталған бағдарлама жобасын мүдделі мемлекеттік органдармен, Ұлттық кәсіпкерлік палатасымен, қаржы институттарымен және әкімдіктермен қызу талқылау үстінде. Сонымен қатар, оны жұртшылықпен кеңінен талқылау да жоспарланып отыр. Олардың пікірлерін ескере отырып, бағдарламаның жобасы Үкіметтің қарауына енгізіледі.

Соңғы жаңалықтар