ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму вице-министрі Қайырбек Өскенбаевтің айтуынша, бүгінде Қазақстан тұрғын үй құрылысы жағынан посткеңестік елдердің ішінде оқ бойы озық келеді. Өткен жылы бір адамға шаққанда 0,68 шаршы метр баспана пайдалануға берілді. Бұл - ТМД мемлекеттері арасындағы ең жоғары көрсеткіш. Мәселен, Ресейде - 0,54 шаршы метр, Беларусьта - 0,40 шаршы метр, ал Өзбекстанда бір адамға шаққанда жылына 0,36 шаршы метр баспана салынады.
«Былтыр біз 12,5 миллион шаршы метр тұрғын үйді салып шықтық. Ол бір жыл бұрын болған көрсеткіштен 12 процентке артық. Негізі, өткен жылы біз рекордтық көрсеткішке жеттік. Мәселен, кеңестер кезінде «Баспана 91» деген бағдарлама болды. Оны Колбиннің тұсында қабылдаған болатын. Сол кезде Қазақстанда жылына ең көп дегенде 6,5 миллион шаршы метр тұрғын үй салынды. Әрине, бұл жерде «Қазіргі құрылыс қарқынымен барлығын баспанамен неге қамтамасыз етпейді?» деген заңды сұрақ туындайды. Дегенмен, маңызды бір мәселені ескеру керек. Біз 91-ші жылы жаңағы 6,5 миллион шаршы метрді салдық та, одан кейін құрылыс қарқыны күрт төмендеді. 1992-1999 жылдар аралығында құрылыстың көлемі 1,2 миллион шаршы метрге дейін түсіп кетті. Ал 2000 жылдан бастап аталған көрсеткіш біртіндеп көтеріле бастады. Бүгінде Қазақстанда құрылыс қарқыны жыл сайын 1-1,5 миллион шаршы метрге ұлғайып отыр. Алдағы уақытта 13 миллионға дейін жететін ойымыз бар. Соның арқасында шамамен 118 мың отбасы баспаналы бола алады», - деді Қ.Өскенбаев бүгін мемлекеттік қызметті жаңа форматта қалыптастыруға арналған панельдік сессияда.
Вице-министрдің айтуыша, бүгінде баспанамен қамтамасыз ету саласындағы барлық шаралар «Нұрлы жер» бағдарламасы аясында атқарылады. Соның ішінде арендалық баспана, тұрғын үй жинақтары, «7-20-25» бағдарламасы және тағы басқа тетіктер бар. Ал Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі баспана алудың тиімді тетігі болып саналады. Сол себепті аталған бағытта бюджеттен қыруар қаржы бөлініп тұрады.
Айта кетейік, сессия кезінде вице-министр Қ.Өскенбаев барлық қазақстандықтарды баспанамен қамтуға қажетті қаражат сомасын да жариялады.
«487 мың адамның мәселесін біржола шешуге, дәл қазір 4 триллион 887 миллиард теңге керек болып тұр. Оның инфрақұрылымы 20 пайыз. Сонда кезекте тұрған азаматтардың баспана мәселесін бірден шешу үшін республикалық немесе жергілікті бюджеттен 6 триллион теңгедей ақшаны қазір қолма-қол жұмсау қажет», - дейді Қ.Өскенбаев.
15:48, 26 Ақпан 2019
«Нұрлы жер» «Баспана 91» бағдарламасын екі есе орап кетті
АСТАНА. ҚазАқпарат - Қазақстанда жыл сайын 13 миллион шаршы метр тұрғын үйді пайдалануға беру жоспарланып отыр, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.