ОРАЛ. ҚазАқпарат - Бүгін Оралда қос бірдей көп қабатты тұрғын үй пайдалануға берілді, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» тілшісі.
Жаңа үйлерге қоныстанушыларды облыс әкімі Алтай Көлгінов құттықтап, Елбасы тапсырмасына сәйкес «Нұрлы жер» бағдарламасы аясында өңірде тұрғын үй құрылысы ерекше қарқын алғанын жеткізді. Соның ішінде соңғы жылдары қалаға қарасты Зачаган кентінде Орал-Атырау және Орал-Саратов күре жолдары аралығында тұрғын үйге қоса мектеп, балабақша, емхана, спорт кешені бар тұтас қалашық бой көтерді деуге болады.
Жаңадан салынған қос үйдегі пәтерлер кезекте тұрғандар мен «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» салымшыларына берілді. Оның бірі - 180 пәтерлік 9 қабатты тұрғын үй құрылысына 1,3 млрд теңге жұмсалды. Екіншісі - 96 пәтерлік 9 қабатты тұрғын үйді салу үшін 830,8 млн теңге бөлінген болатын. Сонда бүгін Оралда 276 отбасы баспаналы болып отыр.
«Нұрлы жер» бағдарламасына сәйкес облыс орталығы мен аудандарда тұрғын үйлерді пайдалануға беру бұдан кейін де жалғасын табатын болады.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).