Оның айтуынша, бұл үйлердің (1355 пәтер) жалпы ауданы – 76943 шаршы метр. Соның ішінде 941 пәтерлік 6 тұрғын үй Тұрғын үй құрылыс жинақ банкінің салымшыларына беріледі. Ал 414 пәтерлік 2 тұрғын үй жергілікті атқару органдарында кезекте тұрғандарға арналған.
Сонымен қатар биыл 698 пәтерді құрайтын 6 тұрғын үйдің құрылыс жұмыстары басталды. Бұл үйлерді келесі жылы қолданысқа беру көзделуде.
Қаланың солтүстік-шығыс бөлігінде апатты үйлер тұрғындары үшін 2 көпқабатты үй (244 пәтер) салынуда. Бұлар да 2021 жылы пайдалануға берілмек.
«Биыл «Нұрлы жер» мемлекеттік бағдарламасы бойынша 20,270 млрд теңге қарастырылды. Соның ішінде 13,253 млрд теңге тұрғын үй құрылысына, 7,017 млрд теңге инженерлік инфрақұрылымға бөлінді. Жалпы алғанда, қазіргі таңда мемлекеттік бюджет есебінен бір мезгілде 2297 пәтерлік 16 тұрғын үйдің құрылысы жүргізілуде», деді Абат Абайұлы.
Әкімнің сөзіне қарағанда, қала бюджеті жыл сайын үздіксіз өсіп келеді. Бұл – бірінші кезекте «Нұрлы жол», «Нұрлы жер» және басқа да мемлекеттік бағдарламалардың нәтижелі жүзеге асырылуының жемісі.
Бұдан басқа халықты жұмыспен қамту мақсатында 2020-2021 жылдарға арналған жұмыспен қамтудың жол картасына сәйкес қалаға 15 млрд астам теңге бөлінді. Бұл қаражат жолдар мен әлеуметтік нысандарды жөндеуге, инженерлік желілер салуға және абаттандыруға жұмсалуда.
Биылғы 1 қазандағы мәлімет бойынша қала бюджеті 80,8 млрд теңгеге жетті, бұл өткен жылғыдан (53,6 млрд теңге) 51 пайызға артық.
Даму бюджеті 27,5 млрд теңгені құраса, бұл – бүкіл бюджеттің үштен бірі, өткен жылғыдан (14,2 млрд теңге) 2 есеге жуық көп.
«Жыл сайын Оралдағы жергілікті өзін-өзі басқару органдарының бюджет көлемі де ұлғаюда. Өткен жылы 591,5 млн болса, биыл 753,4 млн теңгеге дейін, яғни 28 пайызға көбейді. Бұл қаражат жергілікті қоғамдастықтың келісімімен ғана бөлінеді. Тұрғындардың ұжымдық ұсыныс-тілектері негізінде биылдан бастап 22 мыңнан астам тұрғыны бар Деркөл кентінің әкімдігі де құрылып, жұмыс жасауда.
Сонымен қатар қалада «Халық қатысатын бюджет» жобасын жүзеге асыру жоспарланып отыр. Бұл жоба бойынша әрбір тұрғын қаланы дамытуға байланысты өзінің үлгі жобасын ұсына алады және үздік жобаны азаматтар дауыс беру арқылы анықтайды», деді А.Шыныбеков.