«Нұрлы жол» аясында жылу, сумен жабдықтау және су бұру жүйесін жаңғыртуға 450 млрд. теңге бөлінеді

АСТАНА. ҚазАқпарат - «Нұрлы жол» аясында жылу, сумен жабдықтау және су бұру жүйесін жаңғыртуға 450 млрд. теңге бөлінеді. Бұл туралы бүгін ҚР Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметіндегі брифингте ҚР Ұлттық экономика вице-министрі Қайырбек Өскенбаев айтты.

«Нұрлы жол» инфрақұрылымды дамытудың 2015-2019 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы аясында жылу, сумен жабдықтау және су бұру жүйесін жаңғыртуға жалпы алғанда 450 млрд. теңге бөлінеді», - деді ол.

Оның атап өтуінше, аталған қаржының 60 млрд. теңгесі 2015 жылы, 90 млрд. теңгесі 2016 жылы бөлінсе, 2017-2019 жылдары жыл сайын бұл салаға 100 млрд. теңгеден бағытталатын болады.

«Бүгінгі күні жергілікті әкімдіктер жалпы сомасы 269,4 млрд. теңгені құрайтын 200 жобаны ұсынып отыр. Ал ағымдағы жылы аталған жобаларды жүезеге асыру үшін 60 млрд. теңге бөлінгендіктен Қазақстанның барлық өңірінен 96 жоба іріктеп алынды», - деді Қ.Өскенбаев.