«Нұрлы жол» бағдарламасы аясында 17 инфрақұрылымдық жоба қамтылады

АСТАНА. ҚазАқпарат - «Нұрлы жол» бағдарламасы аясында 17 инфрақұрылымдық жоба қамтылады. Бүгін Мәжілістің Экономикалық реформа және өңірлік даму комитетінің кеңейтілген отырысында ҚР Инвестициялар және даму министрінің бірінші орынбасары Жеңіс Қасымбек осылай мәлім етті.

Еске сала кетейік, отырыс барысында «Нұрлы жол - болашаққа бастар жол» жаңа экономикалық саясатының шеңберіндегі көлік инфрақұрылымын дамыту мәселелері талқыланған болатын.

«Қазіргі таңда Елбасы Жолдауы аясында «Нұрлы жол» бағдарламасын жүзеге асыру бағыттары дайындалып жатыр. Ол бойынша Қазақстанның аумақтық дамуының хабтық жүйесі енгізілетін болады. Ал «Нұрлы жол» бағдарламасы 17 инфрақұрылымдық жобаны қамтып, оның 12-сі автожол саласын, бесеуі темір жол инфрақұрылымы мен теңіз порттары және Астана әуежайы бағытында іске асырылады», - деді Жеңіс Қасымбек.

Оның сөзіне қарағанда, соңғы он жылда еліміздің автокөлік жолдарын дамытуға үлкен көңіл бөлініп келеді. Мәселен, Қазақстанда жалпы қолданыстағы автомобиль жолдарының ұзындығы 96 мың шақырымнан асса, 2001 жылдан бері автомобиль жолдарын қалпына келтіруге 1,8 трлн. теңге инвестициялаған. Бұл ретте қаражаттың 73 пайызы республикалық маңыздағы жолдарға, ал 27 пайызы облыстық және аудандық маңыздағы жолдарға жұмсалған.

Бұдан бөлек, министр орынбасары 2007 жылдан бастап жергілікті желіні қаржыландыру көрсеткіші де айтарлықтай өскенін, ал жолдарды дамыту барысында алты халықаралық дәлізді қалпына келтіруге басымдық берілгенін атап өтті.