«Нұрлы жол» бағдарламасы аясында автожолдарды әлемдік деңгейге жеткізу міндеті тұр - С. Нұрғисаев

АСТАНА. ҚазАқпарат - Қазақстандағы автожолдардың үштен бірінің жағдайы қанағаттанарлық емес. Бұл туралы бүгін ҚР Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Парламент Мәжілісінің депутаты Серікбай Нұрғисаев мәлім етті.

Мәжіліс депутатының мәліметіне қарағанда, 107 мың шақырымнан асатын Қазақстандағы жолдардың 20 пайызын жақсы бағалауға болады, ал 47 пайызының сапасы - орташа, 33 пайызы - қанағаттанарлық деңгейде емес.

«Сондықтан да, Елбасы айқындаған «Нұрлы жол» бағдарламасы аясында біздің алдымызда барлық автожолдарды жөндеу мақсаты қойылып отыр. Әрине, жолдарға қатысты проблемалар бар, ол туралы айтылып та жатыр. Арнайы бағдарламалар қабылданып, қаражаттар бөлінуде. Сондықтан да, біздің алдымызда автожолдарды әлемдік деңгейге жеткізу міндеті тұр», - деді Серікбай Нұрғисаев.

Депутаттың айтуынша, 2014 жылы жергілікті бюджеттен жолдарды жөндеуге 93,2 млрд теңге бөлінген. Ал ағымдағы жылы жергілікті бюджеттен жергілікті маңыздағы жолдар үшін 2 млрд. теңге қарастырылып отыр. Бұдан бөлек, алдағы уақытта тұтастай жол жөндеу мен жол құрылыстарына 2,4 трлн. теңге жұмсалмақ.