Елімізде «Нұрлы Жол» мемлекеттік бағдарламасы жүзеге асырылғалы бері 200 мыңнан астам жұмыс орны ашылып, 11 385 отбасы баспанамен қамтамасыз етілді. Инфрақұрылымдық нысандарды салудағы тауарлардағы, жұмыстардағы және қызметтердегі қазақстандық қамту 80 пайыздан асатын көрсеткішке жетті.
Өткен жылы «Нұрлы Жол» мемлекеттік бағдарламасын іске асыру үшін Ұлттық қордан 770,1 млрд. теңге бөлініп, оның 92 пайызы игерілді. Биыл Ұлттық қордан 839,9 млрд. теңге бөлінеді. Оның ішінде республикалық бюджеттен нысаналы трансферттер түрінде 503,4 млрд. теңге және ұлттық холдингтердің облигациялық қарыздары арқылы 336,5 млрд. теңге қарастырылған.
Ұлттық экономика министрі Қуандық Бишімбаев баяндағандай, маусымдағы жағдай бойынша аталған қаржының 99,1 млрд. теңгесі немесе 12 пайызы игеріліпті. Оның ішінде көліктік-логистикалық инфрақұрылымды дамыту бағыты бойынша 47,2 млрд. теңге, республикалық маңызы бар көлік жолдарын салу және қайта жаңғырту үшін 35,2 млрд. теңге жұмсалған.
Ағымдағы жылы шамамен 900 шақырым республикалық маңызы бар көлік жолдарын салу және жаңғырту жоспарланған. Оның ішінде Алматы - Шу учаскесінде екінші теміржол құрылысына 8 млрд. теңге, Құрық портында паромдық өткел салуға 4 млрд. теңге жұмсалмақ. Жылумен, сумен жабдықтау және су тарту жүйесін жаңғыртуға бюджеттік кредиттеу арқылы 16,6 млрд. теңге бөлу жоспарланған.
«Жалпы, 2016-2017 жылдары инженерлік желілердің 1 184 шақырымы, оның ішінде жылумен жабдықтаудың 92 шақырым, сумен жабдықтау жүйесінің 816 шақырым және су тарту жүйесінің 276 шақырымын салу және жаңғырту жоспарда бар», - деді ұлттық экономика министрі.
Инвестициялар және даму министрі Әсет Исекешев көлік саласының жобаларын жүзеге асыруға, техникалық стандарттарды сақтау үшін зертханалық базаны құруға, геологиялық барлау жұмыстарының барысына тоқталды. ИДМ басшысының мәлімдеуінше, «Нұрлы Жол» мемлекеттік бағдарламасы шеңберінде 11 автожол салынады. Бұл ретте салынған автожолдар облыстардың бip-бipiмeн сауда-саттығын, экономикалық байланыстарын нығайтып қана қоймай, еліміздің әлеуметтік-экономикалық өсуіне, шағын және орта бизнестің дамуына оң ықпал етеді. Ал тасымалдардың көлемі 2,5 есе өседі деп күтілуде. Бұған қоса, қалалар арасындағы көлік қолжетімділігін жақсарту есебінен жалпы өңірлік өнімнің орташа жылдық өсуі 80 млрд. теңгені құрайды.
Салынған жолдардың бойында ұлттық стандартқа сәйкес 200-ден астам қызмет көрсету объектілері бой көтеріп, қызмет көрсету саласының дамуына және жол инфрақұрылымын жақсартуға оң әсерін тигізбек. Жалпы, жол құрылысында 30 компания жұмыс атқаруда. Биыл еліміздегі барлық жолдардың құрылысына, соның ішінде «Нұрлы Жол» аясында салынып жатқан жобалардың құрылысына 100 мың адам жұмысқа тартылады.
Үкімет отырысы барысында мемлекеттік бағдарламаның іске асырылуы бойынша қаржы министрі Бақыт Сұлтанов, білім және ғылым министрі Ерлан Сағадиев, «Бәйтерек» ұлттық холдингі басқармасының басшысы Ерболат Досаев баяндама жасады.
Үкімет басшысы ел дамуы үшін аса маңызды бағдарламаның өз деңгейінде орындалуын қатаң бақылайтынын айтып, тиісті органдарға бірқатар тапсырма берді. «Тың баяндамаларға қарамастан барлық өңірлер осы бағдарлама бойынша қажетті ресурстардың бәрін дер кезінде игере алады дегенге күмәнім бар», - деді Кәрім Мәсімов. Сондықтан Премьер-министр Ұлттық экономика министрлігіне «Нұрлы Жол» бағдарламасына бөлінген қаражатты өңірлер арасында қайта үлестіруге қатысты ұсыныстар енгізуді тапсырды.