«Нұрлы жол» - дамыған инфрақұрылым кепілі

АСТАНА. ҚазАқпарат - Жаңа саясат ел экономикасы өсіміне зор серпін беретін мемлекет­тік маңызы зор жобаларды жүзеге асыруды көздейді. Осындай нақты қадамдар ғана дағдарыс толқынына төтеп берер салмақты іс-шара­лар аясын қамти алатыны айқын. Осы мақсатта «Қазақстан темір жолы» ұлттық компаниясы «Нұрлы жол» стратегиялық бағдарламасы­ның көліктік-логистикалық инфрақұрылымды ұлғайтуға бағытталған басым жобаларын табандылықпен жүзеге асыруда.

Осының бір жарқын көрінісі - «Алматы-1 - Шу» теміржол учаскесінің екінші желісі құрылысының басталуы. Бұл ауқымды экономикалық жобаны жүзеге  асыру арқылы жолдың өткізу қабілеті қазіргі 25 миллион тоннадан 80 миллион тоннаға дейін артатыны айтылуда. Қазір құрылысы қарқын алған «Алматы-1 - Шу» теміржол учаскесінің екінші желісінің ұзақтығы 110,7 километрді құрайды. Басты жолдың бойында 92 дана инженерлік құрылғылар болса, 22 теміржол көпірі, 2 жол өткелі салынады. Алматы мен Шу аралығындағы екінші жол телімі осы аралықтағы өткізу мүмкіндігін 3 есеге арттырып, тәулігіне 68 жұп пойыздардың өтуіне жеткізеді. Негізгі жұмыстардың барлығын биыл аяқтап, келесі жылы пайдалануға беру жоспарланып отырған жол телімінде жүк пойыздарының жүру уақыты екі есеге қысқарады.

 Тұрақты жалақы көзі және ел әлеуетін арттырушы сала болып табылатын темір жолдың жұртшылық үшін пайдасы мол болмақ. Құрылыс барысында бұл іске 1490 адам жұмылдырылса, пайдалануға берілгеннен кейін онда 66 адам жұмыс істейтін болады. Осы уақытта аумақты дайындау жұмыстары мен Отар және Шамалған станцияларындағы уақытша қалашықтардың құрылысы аяқталған. Жыл соңына дейін мердігерлермен жоспарланған жұмыстар көлемі белгіленіп, құрылыс мерзімі нақтыланды.    Жолдың топырақ қабаты төселіп, құрылыс жұмыстары жүретін телімдер ресімделуде. Өндірісті жүргізуге Еспе - Шоқпар және Шілбастау - Қызылтаң аралығының жобалық құжаттамасы беріліп, жер жұмыстары, дабылдама, орталықтандыру және бұғаттау жабдықтарын, бағдаршамдарды, релелік шкафтарды, трансформаторларды бөлшектеу және тасымалдау жұмыстары атқарылу үстінде.

  «Нұрлы жол» негізінде қолға алынған маңызды жобаның бірі - Боржақты - Ерсай теміржол желісі. Ұзақтығы 14 километрді құрайтын магистраль Құрық портын теміржол магистралімен байланыстырады. Жобаны жыл аяғына дейін жүзеге асыру жоспарланған. Теміржол инфрақұрылымын дамыту Құрық порты аймағында өрістеп келе жатқан өндірістерді көліктік қызметпен қамтамасыз етеді және жылына 5,8 млн. тонна жүк тасымалдауға мүмкіндік береді. Құрылыс барысында 204 жұмыс орны құрылса, пайдалануға берілген соң 30 адам тұрақты жұмыспен қамтылады. Өткен жылдың шілдесінен бастап теміржол желісінде жол қозғалысы ашылды. Бүгінге дейін топырақ төсемдері салынып, су құбырларын құрастыру жұмыстары толық аяқталды. 16,6 шақырым негізгі жолды қосқанда, 22 шақырым рельс-шпалдық торлама төселді.

  Тағы бір ірі жоба санатындағы Астана халық­аралық әуежайының жаңа терминалы салынып біткен соң,  әуежай жылына 7 млн. жолаушы қабылдай алады. Жаңа терминалдың сызбасына сай, ғимараттың жалпы аумағы 40 мың шаршы метрді құрайды. 25 тіркеу орны жұмыс жасап, 3 конвейер жүк беру қызметін атқарады. Көші-қон мәселесі бойынша 24 жерден ақпарат алуға мүмкіндік туады. Терминал құрылысы 2017 жылдың наурызында аяқталады. Ал алдағы жылы сыртқы және ішкі құрылысты аяқтап, әуежайдың ұшу-қону жолақтарын, ұшақ тұрақтарын күрделі жөндеуден өткізу жоспарлануда. Астана әуежайының жолаушылар терминалын қалпына келтіру жұмыстары барысында 1000 адам еңбекке жұмылдырылса, пайдалану кезеңінде 400 жаңа жұмыс орны ашылады. Қазіргі таңда Қазаэронавигация әуежайының ғимаратын сүру жөніндегі жұмыстар аяқталып, инженерлік  коммуникацияларды шығару жұмыстары жүргізілуде, қазандықтарды терминалға айналдыру жұмыстары дайын, сонымен бірге жаңа перрон құрылысы да басталды. Биылғы жылы темір-бетон металл құрылыстары жөнделіп, сыртқы инженерлік желілердің жұмыстары аяқталады.

Тұтастай алғанда, жүзеге асырылып жатқан «Нұрлы Жол» жобалары құрылыс барысында және пайдалану кезеңінде 15 928 жаңа жұмыс орнын құруды қамтамасыз етеді. Осылайша, жол бойындағы қайнаған тірлік жергілікті тұрғындар үшін қосымша табыс көзіне айналатын болады. осы ретте экономика өсімінің өзі бірінші кезекте әлеуметтің әл-ауқатының жақсаруынан басталатыны айқындала түссе керек.