«Нұрлы жол» «Қазақстан-2030» және «Қазақстан-2050» стратегияларын толықтырды - Қытай академиясының сарапшысы

БЕЙЖІҢ. ҚазАқпарат - «Нұрлы жол - болашаққа бастар жол» жаңа экономикалық саясаты сәтті жүзеге асырылады. Себебі Н.Назарбаевтың қойған міндеттері әрқашан дәйекті түрде орындалады.

Осындай пікірді ҚазАқпаратқа берген сұхбатында ҚХР-дың жетекші орталығы - Қытай қазіргі заманғы халықаралық қатынастар академиясының ғылыми қызметкері Сюй Тао білдірді. «Мен осы жолғы Жолдауда көліктік және энергетикалық салалардың дамуына, сонымен бірге шикізат секторына назар аударылғанын байқадым. Елдің билігі мен халқының күшімен бұл жоспар жүзеге асырылады деп сенемін. Себебі Президент Н.Назарбаевтың қойған міндеттері, жоспарлары мен бағдарламалары әрқашан өз ретімен орындалатынын көрсететін фактілер бар», - деді ол. Қытайлық сарапшы Қазақстанның дамып, гүлденіп келе жатқанын атап өтті. «Мен Орталық Азияны зерттеумен айналысамын, сол себепті Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың барлық Жолдауларын егжей-тегжейлі қарап отырамын. Осы жолғы «Нұрлы жол - болашаққа бастар жол» Жолдауында ол кезекті рет ҚР-ның болашақ даму бағдарламасын атап өтті. Ол бағдарлама осыған дейін жарияланған «Қазақстан-2030» және «Қазақстан-2050» стратегияларын толықтырып тұр», - деді ол. «Сіздердің елдеріңізге осы бағдарламалық мақсаттарға қол жеткізулеріңізді тілеймін», - деді қазақстандықтарды Тәуелсіздік Күнімен құттықтаған Сюй Тао. Сонымен бірге ол Н.Назарбаевтың «құрғақ порттың» бірінші кешенінің, «Қорғас-Шығыс қақпа» экономикалық аймағының құрылысын аяқтау туралы тапсырмасы Қытайдың «Жібек жолы экономикалық белдеуі» бастамасымен үйлесім табатынын да атап өтті. Айта кетейік, ҚХҚА штатында 400-ге жуық қызметкер бар, оның ішінде 150 адамның біліктілігі жоғары. Оның құрамына 11 ғылыми институт, 8 зерттеу орталығы мен 2 ғылыми бөлім кіреді.