Нұрлы жол шағын және орта бизнестің осы заманғы инфрақұрылымы негізіне сүйенген дамудың катализаторы болады - Бағлан Майлыбаев

АСТАНА. ҚазАқпарат - Жақында Елорда төрінде «Нұрлы жол - Қазақстан жолы» атты отандық және шетелдік саясаттанушылардың форумы өтті. Форум жұмысына Парламент депутаттары, отандық және халықаралық сарапшылар, саясаттанушылар мен жоғары оқу орындарының оқытушылары қатысты.

АҚШ, Италия, Польша, Үндістан, Авс­трия, Болгария, Қырғызстан, Ресей секілді елдерден келген сарапшылар қатысқан форум жұмысында алғашқы сөзді Қазақстан Рес­публикасы Президенті Әкімшілігі Бас­шысының орынбасары Бағлан Майлы­ба­ев алды. Ол өз сөзінде Мемлекет басшысы Н.Ә.Назарбаевтың тәуелсіз Қазақстан халқына арнаған ­Жолдауы жаһандық дағдарыс кезеңінде әлеуметтік ахуалдың сақталуын қамтамасыз ететін шаралардың жүйелі жоспары екендігін атап өтіп, Қазақстанның Жаңа Экономикалық Саясаты ұлттық экономикамыздың инфрақұрылымдық тірегін жаңғыртуды қам­тамасыз етеді, - деді.

Елбасы Жолдауында алда тұрған міндеттерге нақтылы картография жасап, еліміздің дамуына ықпал ететін 20 қаланы атап өткен болатын. Бағлан Майлыбаев өз сөзінде Жолдау шағын орта бизнестің осы заманғы инфрақұрылымы негізіне сүйенген дамудың катализаторы болатындығына тоқталды. Ресей Ұлттық стратегия институтының халықаралық жобалар жөніндегі директоры, саясаттанушы Юрий Солозобов «Назарбаев моделі - мемлекеттің табыс­ты болуының негізгі факторы» деген тақырыпта сөз қозғап, еліміз 20 жылда, кейбір елдер жүздеген жылда қол жеткізе алмайтын белестерге көтеріл­генін, осының барлығы Елбасының бастамасымен жүзеге асып отырғандығына тоқталды. Форум барысында Президент жанындағы Мемлекеттік басқару академиясының профессоры, тәуелсіз Қазақстанның тұңғыш Сыртқы істер министрі Төлеутай Сүлейменов «Жаһандық әлемдегі Қазақстан» деген тақырыпта, Түркі академиясының Тіл және терминология орталығының директоры Әділ Ахметов «Елбасы және сындарлы сая­сат жемістері» тақырыбында ой қозғады. Дж.Неру атындағы Үндістан институтының Орталық Азияны зерделеу орталығының төрағасы Моханти Арун, Италияның жоғары геосаяси зерттеулер және сабақтас ғылымдар институтының президенті ­Тиберио ­Грациани, Болгариядан келген өкіл, ­София университетінің профессоры Татьяна Дронзина, АҚШ-тың Мичиган штатындағы Мемлекеттік университеттің профессоры Марта Брилл Олкот және т.б. сөз сөйлеп, өз ойларын ортаға салды.