АСТАНА. KAZINFORM - Халықаралық бокс ассоциациясы (IBA) аясында Біріккен Араб Әмірлігінің Дубай қаласында өтіп жатқан әлем чемпионатында 4 желтоқсанда ел құрамасынан Нурмагамед Юсупов (92 келі) алғашқы жекпе-жегін сәтті өткізді.
Отандасымыз тәжікстандық Навруз Джафоевпен шаршы алаңға шықты. Алғашқы минуттан қазақстандық боксшының басымдығы байқалып тұрды. Нәтижесінде ол қарсыласын бірінші нокаутқа жіберді.
IBA турнирі 3-13 желтоқсан аралығында Дубайда ұйымдастырылады. Бұл бәсекеде 13 салмақ дәрежесі белгіленген, ал жүлде қоры өте жоғары: чемпиондар – 300 мың доллар, күміс жүлдегерлер – 150 мың доллар, қола жүлдегерлер – 75 мың доллар, ал ширек финалистер 10 мың доллар алады.
Биыл дүбірлі додаға жер-жаһанның 95 елінен былғары қолғап шеберлері келді.
Қазақстан ерлер құрамасы әлем чемпионаты алдында Өзбекстан астанасы Ташкент қаласында бірлескен оқу-жиынын өткізді.
Әділжан Үмбет
1996 жылы Әл-Фараби атындағы Қазақ мемлекеттік ұлттық университетінің журналистика факультетін тәмамдаған. Еңбек жолын 1996 жылы Алматы қалалық «Алматы ақшамы» газетінде бастады. Одан кейін жылдарда Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінде, «Ақмешіт ақшамы», «Сыр бойы» газеттерінде қызмет атқарып келеді.
2015-2020 жылдарда «Ақмешіт апталығы» газетінің бас редакторы болды.
Негізгі қызметімен қосып 2006-2014 жылдарда республикалық «Жас Қазақ», «Алаш айнасы» газеттерінің Қызылорда облысындағы меншікті тілшісі болып еңбек етті.
2018 жылдан бері «Kazinform» ақпарат агенттігінде Қызылорда облысындағы меншікті тілші.