«Нұротандықтардың» қатары миллионға жуықтады (ФОТО, ВИДЕО)

None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Бүгін «Нұр Отан» партиясының орталық аппаратында өнер өкілдері, әдебиет пен спорт, бизнес пен журналистика салаларының қызметкерлері «Нұр Отан» партиясының қатарына қосылды.

Барлығы 13 адамға партия билетін табыс ете отырып, партия төрағасының бірінші орынбасары Асқар Мырзахметов «нұротандықтардың» қатары миллион адамға жақындағанын мәлім етті.

«Елдің партияға деген сенімі артып келеді, бұл - біз үшін қуаныш. Әсіресе, өнер, әдебиет, мәдениет, спорт салаларында толайым табыстарға жеткен азаматтардың партия қатарына қосылуы зор маңызға ие деп ойлаймын. Партияға қосылған әрқайсыңыз Елбасы Нұрсұлтан назарбаевтың саясатына қолдау көрсетіп отырсыздар»,-деді А.Мырзахметов 13 адамға партия билетін табыстай отырып.

Айта кетейік, Тұңғыш Президент күнінің қарсаңында Қазақстанның барлық өңірінде партия қатарына қабылдау салтанаты өтіп жатыр. Жалпы, қазір «Нұр Отан» - 868 мыңнан аса адам мүше Қазақстанның ең ірі саяси партиясы. Партияның 5643 бастауыш партиялық ұйымы, ірі кәсіпорындарда 4 филиалы және бастауыш партия ұйымының базасында 13 филиалы бар.