Нұрсұлтан Австрияда жеңіс туын желбіретті

ҚЫЗЫЛОРДА. ҚазАқпарат-Жақында Австрияның Лейбниц қаласында дзюдодан жастар арасында Еуропа кубогы үшін жарыстар өтті.

Осы дүбірлі додаға ел намысын қорғауға Қазақстан жастар құрамасы атынан 30 спортшы аттанса, олардың арасында Сырдария ауданынан Нұрсұлтан Серәлі де бар, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

60 келі салмақта сынға түскен жерлесіміз Еуропада топ жарып, Туымызды желбіретті.

1997 жылы Бесарық ауылында дүниеге келіп, Жалаңтөс Баһадүр атындағы спортта дарынды балаларға арналған мектеп-интернатында Қазақстанның еңбек сіңірген жаттықтырушылары Қален Қалиұлы мен Ришат Бурловтан тәлім алған Нұрсұлтан болашағынан үміт күттіретін спортшылардың бірі.

Айта кетейік, өткен аптада өткен Еуропа кубогында қазақстандық құраманың мүшелері барлығы екі алтын, бір күміс және екі қола медальдар жеңіп алды.

Бәсекеге әлемнің 28 елінен 500-ден астам спортшы қатысты.