Нұрсұлтан Құрман Қазақстан футзал қауымдастығының президенті болды

Фото: kff_resmi

АСТАНА. KAZINFORM – Қазақстан футзал қауымдастығының президенті қызметіне спорт менеджері Нұрсұлтан Құрман тағайындалды.

Қазақстан футбол федерациясының баспасөз қызметінен мәлім еткеніндей, Нұрсұлтан Құрман 2023-2024 жылдары Қазақстан футзал қауымдастығы президентінің орынбасары қызметін атқарды.

Бұл кезеңде ол медиа стратегия мен коммуникация бағыттарына жетекшілік етті. 2025 жылдың қаңтарынан бастап Қазақстан футбол федерациясы президентінің кеңесшісі болды. Сонымен қатар 2025 жылдың мамыр айында ҚФФ атқарушы комитетінің құрамына енді.

Нұрсұлтан Құрман спорт саласында көпжылдық тәжірибеге ие. Ол Қазақстанның футбол және футзал чемпионаттарын ақпараттық жағынан тұрақты түрде қамтып, бірқатар арнайы медиа-жобаны әзірлеу мен дамытуға қатысқан. Сондай-ақ ұлттық деңгейдегі турнирлерді ұйымдастыруға және бұқаралық футболды дамыту бастамаларын жүзеге асыруға белсене атсалысқан.

Нұрсұлтан Құрман жетекшілік ететін кезеңде қауымдастық футзалдың институционалдық дамуын күшейтіп, турнирлердің географиясын кеңейтуді, өңірлік деңгейдегі қатысушылардың белсенділігін арттырып, жарыстарды сапалы медиа сүйемелдеумен қамтамасыз етуді көздеп отыр.

Талғат Қосмұхамбетов Қазақстан футзал қауымдастығы вице-президенті қызметіне ауысады.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын Еуропа лигасында «Ақтөбенің» сырт алаңда «Легияға» есе жібергенін жазған болатынбыз.