Нұрсұлтан Назарбаев 90-жылдарды еске алды

АСТАНА. ҚазАқпарат - ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстанға ресми сапармен келген Грузия басшысы Георгий Маргвелашвилиді Ақордада қарсы алды. Шағын құрамдағы кездесу кезінде президенттер 90-шы жылдарды еске алды, деп xабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Ол бір қиын-қыстау кездер еді. Кеңес одағы ыдырағаннан кейінгі жылдар бәрімізге де оңай болған жоқ. Байланыстар үзілді, экономика құлдырады. Сол қиыншылықтарға қарамастан, еңсемізді тіктей алдық. Негізі, барлығымыз бір межеден бастаған болатынбыз. Әрине, табиғат ресурстарының да көмегі айтарлықтай болды. Дегенмен, соның барлығын тиімді пайдалану да оңай шаруа емес. Инвестициядарды тарту қажет және тағысын тағылар. Қазақстан осы жауапты міндетті  сәтті іске асыра білді. Біздің қазіргі жетістіктеріміз көп елдерге ұнайды», - деп атап көрсетті Назарбаев шағын құрамда өткен кездесуде.

Айта кетейік, кездесу барысында Георгий Маргвелашвили Қазақстанның қолдауы үшін Грузия xалқының шексіз риза екендігін жеткізді.

«Біз Сіздердің қолдауыларыңызға шын жүректен ризамыз. Грузия xалқы оны айқын сезініп отыр әрі жоғары бағалайды. Осы уақытқа дейін көрсетіп келген қолдауларыңыз үшін мың алғыс», - деді Маргвелашвили.

Нұрсұлтан Назарбаев өз кезегінде Қазақстанның Грузия экономикасына қаржы салып жатқан ірі инвестор екенін еске салып, аталған экономикалық шаралардың әлі де жалғасатынын жеткізді.