Нұрсұлтан Назарбаев: Әлемнің барлық мемлекеттері ғаламдық теңсіздікті жоюға қадам жасауы қажет

АЛМАТЫ. Сәуірдің 23-і. ҚазАқпарат /Ерлік Ержанұлы/ - Бұл форум адамзат дамуының күрделі кезеңінде өткелі тұр. Әлем жұртшылығы тұрақсыз халықаралық саяси ахуалдан туындаған тарихымыздағы ең ірі қаржы-экономика дағдарысын бастан өткеруде.

ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаев бүгін Алматыда өтіп жатқан 8-ші Еуразиялық медиафорумның делегаттарына жолдаған өзінің құттықтауында осы жайды атап өтті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.«Қазір әлемнің барлық мемлекеттері ғаламдық теңсіздікті жоюға және бүкіл әлемдегі экономиканы тұрақтандыра алатын халықаралық ынтымақтастық пен өзара ықпалдастықтың жаңа үлгілерін орнықтыру жолында батыл қадам жасауы қажет. Қазақстан әрдайым қазіргі заманғы қадау-қадау түйіндер талқыға түсетін мәслихат мүйісі болып келді. Солай бола береді де. Біз ғаламдық экономикалық дағдарыстан шығу жолдарын қарастыру, әлемнің жаңа бет-бейнесін қалыптастыру ісіне белсенді түрде араласуға дайынбыз», деді Нұрсұлтан Назарбаев. Елбасының пайымдауынша, бұл форумды өткізу идеясы біздің мемлекетіміздің даму стратегиясымен сәйкес. Әлемді тек диалог пен серіктестік және өзара түсіністік пен сыйластық арқылы ғана өркендетуге болады.