«Нұрсұлтан Назарбаев әлемнің бес жетекші саясаткерлерінің қатарына кіреді» - республикалық басылымдарға шолу

АСТАНА. Сәуірдің 22-сі. /ҚазАқпарат/ - Қазақ ақпарат агенттігі республикалық басылымдарда сәуірдің 22-сі, бейсенбі күні шыққан өзекті материалдарға шолуды ұсынады.

***

Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың Оңтүстік Кореяға ресми сапары басталды. Осыған орай «Айқын» газетінің бүгінгі нөмірінде әлемге танымал саясатер Маргарет Тэтчердің «Нұрсұлтан Назарбаев әлемнің бес жетекші саясаткерлерінің қатарына кіреді» деген сөзін тақырыпқа алған көлемді мақала жарияланды. Басылымның жазуынша, алдымен Қазақстанның Оңтүстік Кореядағы жылын салтанатты ашу рәсімі өткен. Шараға сол елдің басшысы Ли Мен Бак пен Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев қатысқан. Мақалада Н.Назарбаевтың «Бүгінде тәуелсіз Қазақстанда корей халқының өкілдері өзге ұлттармен бір отбасы ретінде тату-тәтті тұрып жатыр. Олардың ел бизнесінде, білім беру, медицина және мәдениет саласындағы үлесі үлкен. Корей ұлтының өкілдері Қазақстан халқы Ассамблеясының жұмысына белсенді атсалысып келеді. Парламентте де корей диаспорасының өкілі отыр», деген сөзі келтірілген.

Елбасының ресми сапары егжей-тегжейлі жазылған келесі мақала «Казахстанская правда» газетінде де жарияланды. Басылымның жазуынша, ашылу салтанатында сөз сөйлеген Н.Назарбаев бұл оқиға тарихы тамырлас екі ел арасындағы әріптестік пен ынтымақтастықтың жаңа сатыға көтерілгенін білдіретіндігін баса айтқан.

«Кеше ел Парламентінде Байланыс және ақпарат министрі ретінде Асқар Жұмағалиевтің дебюті өтті. Және жаман өтпеді деуге келеді: Мәсімов командасында ең жас министр болып табылатын 37 жастағы Асқар Қуанышұлы Ресейдің Орынбор облысының тумасы болғандығына қарамастан, тұңғыш баяндамасын толықтай дерлік қазақ тілінде жасады», деп жазады «Айқын» газеті. Мақала басылымның бүгінгі санында «Электронды қызмет тұтынушының мүддесіне қарай құрылады» деген тақырыппен берілген.

«Айқын» газетінің жазуынша, Астананың жаңа университетіне студенттерді іріктеу өтіп жатыр. Бұл орайда Елбасы Н.Назарбаев аталған білім ордасында тегін білім алу үшін 500 студентке арнайы білім грантын бөлу туралы шешім қабылдаған. Бұл туралы кеше елордада баспасөз мәслихатын өткізген аталған ЖОО-ның вице-президенті Қ.Дайырова мәлім етті. Емтихан тапсыруға талапкерлерді тіркеудің екінші кезеңі мамырдың 10-ына жоспарланған.

***

«Ұлы Жеңіс мерекесіне орай елордалық ардагерлер жергілікті бюджеттен 35 мың теңгеден біржолғы өтемақы алатын болды. Кеше қалалық мәслихат депутаттары осындай шешім қабылдады», деп жазады «Астана ақшамы» газеті. Сондай-ақ Жеңіс мерекесінің 65 жылдық құрметіне орай, астаналық ардагерлер Ресей, Беларус, Украина және Еуроодақ аумағындағы қазақстандық жауынгерлер соғысқан қалалар мен жерленген орындарға естелік эстафетасымен баратын болады.

«Астана ақшамы» газетінің дәстүрлі «Әлеумет сауалы - әкім жауабы» айдарында қала басшысы Иманғали Тасмағамбетов елорда тұрғындарының басылым бетінде қойған сауалдарына тұщымды жауап берген.

***

«Алаш айнасы» газетінің бейсенбілік нөмірінде «Оқушыны да, оқытушыны да адастырған оқулық» деген тақырыппен көлемді мақала жарияланды. «Мектеп оқулықтарына қатысты мәселе бүгінде көпшілік қауымды ғана емес, білікті мамандардың да үлкен алаңдаушылығын туғызуда. Соңғы бес жыл көлемінде ұдайы жалғасып келе жатқан осы наразылықтың кілтін біз әдетте жекелеген кітаптардан болмаса оқулық авторларынан іздеп келдік. «Мамандар жетіспегендіктен де оқулықтарды педагогикалық тәжірибеден тысқары, оқушы психологиясы мен мектеп оқулығы теориясынан хабарсыз адамдар жазып жатыр. Бар кінәрат содан» деп түсіндік» деп жазған басылым расында, осы жағдайға қалай тап болдық? Орта мектепті сапалы оқулықпен қамтамасыз етуге қабілетті ғылыми-өндірістік кешен жұмысын қалай қожыратып алдық? Ең бастысы, тап қазіргі уақытта қасиетті «білім бұлағының» лайлануына себепкер болып отырған кім деген сауалдарға жауап іздеген.

«Өткен жыл ауыл шаруашылығы үшін ауыр тиді. Әсіресе егіншілік саласындағы олқылықтарды тізіп берді. Қыруар астық алғанымызбен, диқандар оны өткізе алмай әлі күнге дейін жүр. Бір Солтүстік Қазақстан облысының өзінде екі миллион тоннадай бидай өтпей жатыр деген дерек бар. Астықтың уақытында сатылмауы тағы бір кемшіліктің бетін ашып бергендей. Ол - астық сақтайтын қоймалардың жетіспеушілігі», деп жазады «Алаш айнасы» газеті. Мақала басылымның бүгінгі нөмірінде «Астық көп, сақтайтын орын жоқ» деген тақырыппен берілген.

«Алаш айнасы» газетінің жазуынша, Оңтүстік Қазақстан облысында адамдарды кене шағу оқиғасы белең алып жатыр. Жыл басынан бері 30-ға тарта науқас осындай шағыммен ауруханаға түскен. Облыс аумағында жыл басынан бері қырым қанды дертінен екі науқас көз жұмды. Қазірдің өзінде облыс аумағында қырым қанды безгегін жұқтырған 6 адам тіркелген. Тағы бесеуі осы күдікпен дәрігерлердің бақылауына алынды. Қалыптасқан жағдайға байланысты облыс басшылығы өңірде жедел шараларды қолға алуда. «Белгілі болған мәліметтерге қарағанда, Оңтүстік Қазақстан облысында кенеге қарсы залалсыздандыру шарасы соңғы бес жылда атқарылмаған көрінеді. Соның салдарынан өткен жылы өңірдегі жағдай ушығып, аймақта қырым қанды безгегін жұқтырған 24 адамның тоғызы қайтыс болған», деп жазады басылым.

***

Беларус Қырғызстанға гуманитарлық көмек көрсетеді. Бұл туралы «Экспресс-К» газеті Беларус Президенті Александр Лукашенконың мәлімдемесіне сілтеме жасап хабарлап отыр.

Қырғызстанның бұрынғы президенті Құрманбек Бакиев Минскіге Біріккен Араб Әмірліктері арқылы ұшып келген. А.Лукашенконың сөзін келтірген басылымның жазуынша, Құрманбек Бакиевті Минскіге қабылдау туралы шешімді ол өзі жеке қабылдаған. «Заң бойынша менің ондай құқым бар», депті Беларус президенті.

Дегенмен «Литер» газетінің жазуынша, Қ.Бакиевтің әлі де болса Қырғызстанға билік етуге үміті бар көрінеді. Басылымның атап өтуінше, ол бұндай мәлімдемені кеше Минскіде өткен баспасөз мәслихаты барысында мәлім еткен.