Нұрсұлтан Назарбаев Астана маңындағы жаңа демалыс орнына барды
«Бейбарыс» демалыс орны Астанадан 15 шақырым жерде Ақмола облысының Аршалы ауданында орналасқан. Нысан 2 миллиард теңгеге есептелген жеке инвестор қаражатына тұрғызылған және оның ашылуы Астананың 20 жылдығына жоспарланған.
«Қонақ үй кешенінде 26 нөмір бар және 70 адамға арналған мейрамхана, жазғы терасса, караоке, мәжіліс залы, интерактивті тир қарастырылған. Кешен аумағында қарудан оқ атуды үйрететін аккредиттелген ашық тир ашылады. Ерекше әсерді қалайтындар үшін әйгілі CounterStrike компьютерлік ойынының көшірмесі бар. Демалыс орнында 80-ге жуық жаңа жұмыс орны құрылды. Атап айтқанда, мұнда Ақмола облысының жергілікті тұрғындары жұмысқа алынды, олардың жалақысы 100-120 мың теңге аралығында», - деді «Бейбарыс» демалыс орнының директоры Руслан Шамкенов журналистерге берген сұхбатында.
Қонақ үйдегі екі адамдық нөмір құны таңғы аспен бірге тәулігіне 30-35 мың теңге болмақ. Сондай-ақ, бұл сомаға өрмелейтін қабырға мен арқан паркіне (веревочный парк) кіруге болады. VIP-үйлер тәулігіне шамамен 60 мың теңгеге жалға беріледі, оған бір мезетте 4-12 адам сыяды.
Айта кетейік, Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, Ақмола облысының әкімі Мәлік Мырзалин Астана төңірегінде қала тұрғындары мен қонақтары үшін демалу базасын құру жөнінде міндет қойған болатын.