Нұрсұлтан Назарбаев Атырауға келді

АТЫРАУ. ҚазАқпарат - Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев жұмыс сапармен Атырау қаласына келді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Елбасы өңірге сапары аясында макарон, нан өнімдерін, ет консервілерін, ауыз су, арнайы киім-кешек шығаратын "Карат" ЖШС жұмысымен танысып, жылына 2800 мың тонна мұнай мен 170 млн текше метр ілеспе газ өндіретін "Ембімұнайгаз" АҚ-ның жаңа əкімшілік ғимаратымен аралап көреді деп күтілуде.

Мұнан бөлек Қазақстан Президенті "Жігермұнайсервис" ЖШС-нің робот дəнекерлеушіні пайдаланып металл құрылымдарын өндіретін ұйымында болмақ.

Сапар аясында Нұрсұлтан Назарбаев Х.Досмұхамедов атындағы Атырау мемлекеттік университетінің жаңа  студенттер үйін көреді. 450 орынға есептелген 7 қабатты жатақхана құрылысына 1  млрд теңгеден астам қаржы жұмсалған. Ғимаратта жастардың жайлы өмір сүріп, сапалы білім алуына барлық жағдай жасалған.

Мемлекет басшысы өңірдегі əлеуметтік маңызы бар нысандарды аралағаннан кейін Атырау облысының əлеуметтік-экономикалық даму мəселелері жөнінде кеңес өткізеді деп күтілуде.