Нұрсұлтан Назарбаев әуежайының 5 млн-шы жолаушысы анықталды

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Павлодар қаласының тұрғыны елорда әуежайының 5 миллионыншы жолаушысы құрметіне ие болды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Бүгін күтпеген жағдай болды, әрине қуанышымда шек жоқ. Мен жалғыз емес, 2 немереммен келдім. Бұрын мұндай ұтыстардың жеңімпазы атанып көрмегенмін. Бұл алғаш рет, енді сәттілікке сенетін боламын. Баршаңызға алғыс айта отырып, келе жатқан жаңа жыл мерекелеріңізбен құттықтаймын», - деді әуежайдың 5 миллионыншы жолаушысы атанған, павлодарлық Зейнеп Нұрғазина.

«Fly Arystan» әуекомпаниясы ұшағы қызметін пайдаланған аталған жолаушы елордаға қонаққа келген.

«Бүгін біздің әуежайда мереке. Әуежайымыздың құрметті 5 миллионыншы жолаушысын қарсы алудамыз. Таңертеңнен бастап кім болады екен деп күттік. Әрине жеңімпаз жолаушыға жолға шыққанда ең керек зат жүк чемоданын сыйға тартатмыз», - деді Нұрсұлтан Назарбаев халықаралық әуежайының басқарма төрағасы Рәділбек Әдимолда.

5 миллионыншы жолаушыға берілген сый-сияпат мұнымен бітпеді. Атап айтқанда «Fly Arystan» әуекомпаниясы жарты жыл ішінде кез келген бағытқа әрі-бері ұшу билетін сыйға тартса, Astana Convention Bureau LLP компаниясы «The Ritz-Carlton Astana» қонақ үйінде тұру сертификатын табыс етті.

Әуежай берген ақпаратқа сүйенсек, үстіміздегі жылдың 11 айы бойынша 4,7 млн жолаушы әуе қозғалысы қызметін пайдаланды. Және бұл көрсеткіш өткен жылмен салыстырғанда 9,2 пайызға жоғары.