Нұрсұлтан Назарбаев бірінші сыныпқа барады

АСТАНА. 2  қыркүйек. ҚазАқпарат - Осыдан дәл жеті жыл бұрын, қа­рашаның жиырма бірі күні, қара­па­йым қаратаулық Жұмағұлов Назар­байдың отбасы керемет қуанышқа кенелді, Назекеңің келіні Шәмшат дүниеге шекесі торсықтай ұл әкелді.

Президенттің жүргізіп отырған саясатына, атқарған ерен еңбегіне дән риза Назарбай, немерем өскенде Қазақстан­ның президенті болады деп ырымдап, армандап «Нұрсұлтан» деген есімді қалаған. Айтса айтқандай, сәйкестіктер жетерлік. Нәрестенің аты да, фамилиясы да Нұрсұлтан атасына сай келіп тұр.

Нұрсұлтанның атасы Назарбай ұзақ жылдар бойы машинаның құ­ла­ғыңда ойнап, жүргізуші болса, әжесі Аманкүл дүкенде сатушылық­пен айналысты. Осыдан екі жылдай бұрын Назекең өзі бас болып, отбасы мүшелерінің көмегімен кірпіш құйып, батпақ айдады. Сөйтіп, Қаратау қаласының бір шетінде азық-түлік дүкенін ашты.

Қаланың шеткі пұшпағында тұратын тұрғындар дүкендердің қашықтау орналасқанына байланысты, әсіресе, жауын-шашынды күндері көп қиыншылық көретін. Енді міне, үйлерінің іргесінде тұрған азық-түлік, ұсақ-түйек тауарлар сатуға арналған дүкеннен қажетті заттарын «есіктен аттай салып» ала алады.

Нұрсұлтан балақай болса, алғыр, еңбекқор және тілалғыш болып өсіп келеді. Естігенін, көргенін дереу қағып алып, жадында сақтай біледі. Суретті де шебер сала алады. Құдай қаласа, Нұрсұлтан атасындай «сегіз қырлы, бір сырлы» болатын мүмкіншілігі бар. Мектеп табалдырығын аттауға асығып: «Қашан оқуға барамын?» - деп тыпыршып жүр.

Қадамың құтты болып, білімнің асқар шыңын бағындыр. Оқы, үйрен, талпын. Арманыңа қанат бітіп, бүкіл қазақтың мақтанышына айнал деп тілейміз. Ол кеше тұңғыш рет мектеп табалдырығын аттады.

Мақала «Егемен Қазақстан» газетінде жарық көрді: http://www.egemen.kz/2012/09/01/345519/