Қалалық әкімдіктің баспасөз қызметінің хабарлауынша, Мұрат Әділханов, Вячеслав Банщиков, Владислав Ли сынды мәслихат депутаттары бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі аясында бірқатар көшелердің тақталарын өзгерту туралы бастама көтерген болатын.
Осыған орай, Алматыда Нұрсұлтан Назарбаев даңғылы және Сағадат Нұрмағамбетов, Талғат Бигельдинов, Роза Бағланова атындағы көшелердің тақталарын өзгерту 16 желтоқсанға жоспарланып отыр.
«Нұсұлтан Назарбаев даңғылы - Алматыдағы басты көшелердің бірі, сондықтан, біз көше аншлагтарын (тақталарын) жаңарту жұмыстарына атсалыссақ дейміз», - деді мәслихат депутаты, бизнесмен, меценат Вячеслав Банщиков.
Сонымен, Тәуелсіздік күні Нұрсұлтан Назарбаев даңғылындағы 160 үй мен 33 заңды ұйымдардың көше тақталары ауыстырылады. Сағадат Нұрмағамбетов атындағы көшедегі 115 тұрғын үй мен 11 заңды ұйым тақталары өзгереді. Роза Бағланова атындағы көшедегі 136 тұрғын үйдің тақтасы жаңарады. Талғат Бигельдинов атындағы көшедегі 24 үйдің тақтасы ауыстырылады.
Алматы қаласының Тілдерді дамыту басқармасы көше атауларын өзгерту қалай жүзеге асатынын жеткізді.
«Атаулары өзгерген көше аншлагтары республикалық, облыстық, аудандық мәні бар қалалар, ауылдар мен кенттер және басқа да елді мекендер рәсімдеудің бірыңғай стандарты бойынша жүзеге асады», - деді Алматы қаласының Тілдерді дамыту басқармасының өкілдері.