Қазақстан Президентінің дерегінше, Тәуелсіздік жылдары ішінде еліміз 182 мемлекетпен достық әрі конструктивті қарым-қатныас орнатты. Ширек ғасырдың ішінде шетелдерде Қазақстанның 57 елшілігі мен 31 дипломатиялық мекемесі ашылды. Ал елімізде 95 шетелдің елшілігі мен халықаралық ұйымдардың өкілдіктері жұмыс істеуде.
Елбасы алдымен Ресей және Қытаймен стратегиялық ынтымақтастық жайында тоқталып, Орталық Азия елдері дамудың жаңа кезеңіне аяқ басқандығын еске салып өтті.
«Бұл ретте біздің саясатымыз ең алдымен тең құқылы әріптестік пен еліміздің өңірдегі рөлін арттыру үшін күш біріктіруге және «бестік» елдерінің гүлденуін қамтамасыз етуге бағытталатын болады. Көршілерімізбен тарихи, мәдени және тілдік тамырластығымызды ескере отырып, бірлесе жұмыс істеуге баса назар аударамыз», - деді Мемлекет басшысы.
Мемлекет басшысының АҚШ-пен серіктестік бағыты жалғасып, Қазақстанның ең ірі сауда-экономикалық серіктесі саналатын Еуропалық одақпен жан-жақты қарым-қатынасты дамыту ілгерілетіле түсетіндігін баса айтты.
«Өздеріңізде білетіндей, біз саудадағы ынтымақтастықты тереңдету туралы құжатқа қол қойдық. Бұл құжатты ЕО-ға мүше елдер ратификациялау үстінде. Өзге елдердің де қолдауын сұраймын және сенім артамын. Қазірдің өзінде көптеген елдер құжатты ратификациялады. Біз оған ризашылық білдіреміз», - деді Нұрсұлтан Назарбаев.
Елбасы Қазақстан посткеңестік кеңістіктегі елдермен, Түркиямен ынтымақтастықты жалғастырып, Орта және Таяу Шығыспен достық байланыстарды тереңдете түсетіндігін атап өтті. Латын Америкасы, Кариб бассейні, Африка құрлығы өңіріндегі серікестермен де қарым-қатынасты дамыта түсетіндігін баса айтты.