Нұрсұлтан Назарбаев «Евроньюс» телеарнасына берген сұхбатында Қырғызстандағы соңғы оқиғаларға байланысты Қазақстанның ұстанымын айқындап берді

None
АСТАНА. Сәуірдің 8-і. ҚазАқпарат - Бүгін «Евроньюс» телеарнасына берген сұхбатында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Қырғызстандағы соңғы оқиғаларға байланысты Қазақстанның ұстанымын айқындап берді.

Мемлекет басшысы бауырлас мемлекетте қайтадан тұрақсыздық орын алып, тұрғын азаматтардың қаны төгілгеніне қынжылыс білдірді. Президент ЕҚЫҰ Төрағасы ретінде Қазақстанның Қырғызстан бойынша арнаулы өкілді - ҚР Парламент Мәжілісінің вице-спикері Ж.Кәрібжановты тағайындап та үлгенгенін айтты. ЕҚЫҰ Хатшылығынан Бішкекке ЕҚЫҰ Хатшылығының Қақтығыстардың алдын алу жөніндегі орталығының директоры Зальбер аттанды.

Нұрсұлтан Назарбаев Қырғызстанда орын алып жатқан озбырлық пен тонаушылықты сынға алды, деп хабарлады ҚР Президентінің баспасөз қызметі. .

- Қырғыз Республикасы - біздің көршіміз. Мен бұл оқиғаға үлкен өкінішпен қараймын. Мұндай үздіксіз әлектің иіріміне түсіп кеткен бауырлас қырғыз халқына қатты жаным ашиды. Осындай жағдайда саясаткерлердің бәрі өздерінің халық қамын ойлайтынын, оған жақсылық жасауды қалайтындарын айтып бағуда. Шын мәнісінде, екінші күн қатарынан онда тонаушылық жүріп жатыр. Дүкендерді қиратып, өртеуде, банктер жабық, бизнес қаладан бас сауғалай қашып, Қырғызстаннан капитал кетіп жатыр. Тұрақтылық болмай - ештеңе болуы мүмкін емес. Саясатпен, баррикадаға шығумен айналыспау керек. Алдымен халықты тойындырумен, оған жұмыс берумен шұғылдану қажет. Осындайдың салдарынан қазір Қырғызстан халқының жартысынан астамы кедейшіліктің шегінде қалт-құлт күн кешіп отыр. Жаппай жұмыссыздық жайлаған. Жан басына шаққандағы ІЖӨ, салыстырып қараңыз, Қырғызстанда - 800 доллар, Қазақстанда - 8000 доллар. Осы жылдар ішінде Қазақстан бейбіт өмірге шомылып отыр, жұрт емін-еркін еңбек етіп, балаларын тәрбиелеуде. Елде тұрақтылық орнаған. Көпұлттылығына қарамастан, адамдар бір-бірін сыйлайды, толеранттылықтың деңгейі өте жоғары. Бұл біз үшін дамуға, инвестициялар тартуға мүмкіншілік беріп отыр. Осының бәрі бізге «тұрақтылық пен халықтың емін-еркін өмір сүруі - ең бастысы» екенін білдіреді, - деп атап өтті Президент Нұрсұлтан Назарбаев.