«Нұрсұлтан Назарбаев халықаралық әуежайы» мемлекеттің имиджіне оң әсер етеді - Мәулен Әшімбаев

АСТАНА. ҚазАқпарат - «Нұрсұлтан Назарбаев халықаралық әуежайы» мемлекеттің имиджіне оң әсер ететін стратегиялық нысан. Бұл туралы Мәжілістің жалпы отырысынан кейін тілшілерге берген сұхбатында депутат Мәулен Әшімбаев мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Өздеріңіз білесіздер, бүгінде бірқатар елдерде ірі нысындар мен халықаралық әуежайлар мемлекет және қоғам қайраткерлерінің атымен аталады. Мысалы, Ататүрік атындағы Ыстанбұл әуежайы Еуропадағы ірі әуежайлардың бірі. Сонымен қатар Парижде Шарль де Голль атындағы, сондай-ақ Нью-Йорк қаласындағы  Кеннеди есімі берілген әуежайлар бар. Сондықтан мемлекет басшыларының есімі берілген әуежайлар аз емес»,-деп тоқталды депутат.

М. Әшімбаев Қазақстан саяси, экономикалық салаларда үлкен жетістіктерге жетіп жатқанын, осының барлығы Елбасы реформаларының нәтижесі екенін және оған ешқандай күмән жоқ екендігін айтты.

«Жалпы, елімізде жаңғыру үдерісі ары қарай жалғасып жатыр. Бұл тұрғыда Нұрсұлтан Назарбаевқа дүниежүзінде де, елдің ішінде де үлкен құрмет бар екені белгілі. Атап айтқанда, әлем елдерінде көптеген конференциялар мен кездесулерде боламыз. Сол шараларда шетелдік әріптестеріміз Қазақстан Президенті жайында жылы лебіздерін білдіріп жатады. Халықаралық әуежай мемлекеттің имиджін қалыптастыратын үлкен нысан. Сондықтан маңызды стратегиялық нысанды Елбасының есімімен атау - бұл өте заңды әрі орынды шешім»,-деп түйіндеді депутат.

Бұдан бұрын хабарланғандай , Астана әуежайы «Нұрсұлтан Назарбаев халықаралық әуежайы» болып аталды.