Галереяның жалпы алаңы 1000 ш.м., ұзындығы 90 метр. Жаңа өтпелі галерея әуежай жолаушыларына далаға шықпай-ақ, бір терминалдан екінші терминалға өтуіне мүмкіндік береді.
Елорданың әуе қақпасы тәулігіне 200-ге дейінгі рейсті қабылдап, шығарып салады, әрі 14 000 жолаушыға қызмет көрсетеді. Бұған дейін рейстері сәйкес келген транзитті жолаушылар да бүгінге дейін бір терминалдан екінші терминалға өту үшін далаға шығуларына тура келген еді. Қысты күні аяз бен боран, жазды күні жаңбыр жауып, жел соғатын елорданың суық табиғатын ескере отырып, жабық өтпе жол арқылы екі терминалды қосу жөнінде шешім қабылданды.
Құрылыс жұмыстары кезінде келушілердің жайлылығына қажет барлық талаптар ескерілді. Өтпе жол барлық керекті инфрақұрылыммен жабдықталған әрі орталық ағындық және инженерлік жүйелерге қосылды. Ол дегеніміз, қысқы маусымда – жылы, жазғы маусымда салқын болып тұрады. Бұдан өзге, еден астынан жылу беріліп, желдету жүйесі іске қосылған. Галереяда әуежайдың және технологиялық процестерге қатысатын ұйым қызметкерлеріне арналған бөлек қызметтік дәліз бар.
Қазіргі уақытта, нысан ішіне арнайы белгілер орнатылып, күтіп алушылар мен шығарып салушылар үшін жайлы орындықтар қойылды. Биылғы жыл соңына дейін, өтпе жолға вендингтік аппараттар, төлем терминалдары мен банкоматтар орнату жоспарланған.
2018 жылы елорда әуежайы 30 мың рейске қызмет көрсетіп, жолаушылар ағынын 4,5 миллионнан аса жолаушыға жеткізді. Биылғы жыл соңына дейін әуежай 5 миллионыншы жолаушыға қымет көрсетуді жоспарлап отыр.
2019 жылғы 10 айдың қорытындысы бойынша, жолаушылар ағыны 4,2 млн адамды құрады. Бұл көрсеткіш 2018 жылғы осы кезеңдегі қорытындымен салыстырғанда 7% -ға артық. Рейстер саны 26 мыңнан асып, өткен жылғы осы кезеңмен салыстырғанда 3 пайызға көбейді.
Қазіргі уақытта әуежай 15 шетелдік және 5 отандық әуе компанияларымен бірге жұмыс жасайды.
Биылғы жылы жаңа Прага, Ұлан-Батыр, Токио халықаралық әуе бағыттарының ашылуына орай, халықаралық бағдарлармен ұшқан жолаушылар саны 1.5 млн-нан асты.
Ішкі бағыттар бойынша 2.7 млн жолаушыларға қызмет көрсетілді. Бұл көрсеткіш Шымкент, Тараз, Семей, Павлодар, Қостанай бағыттарын ашқан «FlyArystan» әуе компаниясының арқасында жүзеге асты. Отандық лоукостер желтоқсанда «Нұр-Сұлтан-Мәскеу» бағытын ашуды жоспарлап отыр.