Мемлекет басшысы «Lion Air» әуе компаниясының жолаушылар ұшағының апатқа ұшырауы салдарынан көптеген адамның қаза болғаны туралы хабарды зор күйзеліспен қабылдады.
«Қазақстан халқының және жеке өзімнің атымнан қаза болғандардың туған-туысқандары мен жақындарына, сондай-ақ барша Индонезия халқына көңіл айтып, қайғыларына ортақтастығымды білдіремін», - делінген жеделхатта.
Еске сала кетсек, Индонезияның Lion Air әуе компаниясының жолаушылар ұшағы бүгін таңертең апатқа ұшыраған болатын. Jakarta Post ақпараты бойынша, ұшақ жергілікті уақытпен таңғы сағат 6:20-да әуеге көтерілген. 13 минут өткеннен кейін ұшақ радардан жоғалып, онымен байланыс үзілген.
Индонезия құтқару қызметінің ақпараты бойынша, Джакартадан Панкалпинангқа ұшып бара жатқан Boeing 737 MAX 8 ұшағы теңізге құлаған. Бортта қанша жолаушы және экипаж мүшесі болғаны туралы, сондай-ақ ұшақтың неліктен апатқа ұшырағаны жайлы әзірге нақты ақпарат жоқ.