Нұрсұлтан Назарбаев Иордания Королімен қандай мәселелер төңірегінде пікір алмасты

АСТАНА. ҚазАқпарат - Қазақстан Сирия дағдарысын шешуге бағытталған  барлық бастамаларды қолдайды.

Бұл туралы бүгін  Ақордада елімізге ресми сапармен келген Иордания Хашимит Корольдігінің Королі Абдалла ІІ бен әл-Хусеинмен өткен келіссөздерден кейінгі бірлескен баспасөз мәлімдемесі барысында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

  «Иордания халықаралық қоғамдастықта жоғары беделге ие болып, лайықты құрметке бөленді. Сол арқылы Таяу Шығыста бейбітшілік пен қауіпсіздік орнатуда маңызды рөл атқарып келе жатқанын білеміз. Бүгінгі Сирияда болып жатқан жағдай, лаңкестік әрекеттер, босқындар барлығы да сол елдегі келіспеушіліктен, қақтығыстан туындауда. Осының әсерінен бүгінде Иордания 1,3 миллионнан астам сириялық босқынды қабылдап, Палестина мен Израиль арасындағы бейбіт процеске айрықша үлес қосқанын атап өтуге болады», - деді Нұрсұлтан Назарбаев. 

 Сонымен қатар Қазақстан Президенті Иордания тарабына Астанада өткен ЭКСПО-2017 көрмесіне және Ислам ынтымақтастық ұйымының Ғылым мен технология жөніндегі саммитіне қатысып, үлес қосқанына ризашылық білдірді. «Бүгін біз Король Абдолламен Қазақстан-Иордания ынтымақтастығының маңызды мәселелерін талқыладық. Соған орай мазмұнды әрі жемісті келіссөздер жүргіздік деп айтуға болады. Күн тәртібіндегі өзекті халықаралық мәселелер, саясат мәселелері жөнінде пікір алмастық. Атап айтқанда, Сириядағы шиеленіс, Ирактағы жағдай, Катар төңірегіндегі дағдарыс және басқа проблемалар туралы ой бөлістік. Сирия дағдарысы қазіргі уақыттың ең ірі шиеленісінің бірі екендігін білесіздер. Қазақстан Сирия дағдарысын шешуге бағытталған  барлық бастамаларды қолдайды. Астанадағы келіссөздер нәтижесінде Сириядағы зорлық-зомбылық айтарлықтай азайып, жергілікті халықтың бейбіт өмірге оралуына мүмкіндік туды. Осылайша, Женевадағы келіссөздерге қосымша алаң болып саналатын Астана процесі өзінің тиімділігін көрсетіп, халықаралық жағдайда қолдау тауып отыр. Біз Иорданияның Астана процесіндегі рөлін ерекше  атап өткіміз келеді», - деді Елбасы.