Нұрсұлтан Назарбаев: Контейнерлік тасымалдаулар арқылы жылына 5 млрд $ табыс табуға болады
«Өздеріңіз білетіндей, Қазақстанның жер аумағы 2,7 млн шаршы шақырым және әлемде 9-орында тұр. Бірақ, біздің теңізге шығар жолымыз жоқ. Неге теңіз? Себебі, кеме әзірге ең арзан көлік түрі болып отыр, кемемен тасымалданған тауар бәсекеге қабілетті болады. Әйтсе де, біз де қолда бар мүмкіндігімізді пайдалануымыз керек", - деді Елбасы журналистерге берген сұхбатында.
Сондықтан көліктік коммуникациялар, темір жол мен автокөлік жолдары және авиация байланысы Қазақстан үшін аса маңызды.
"ҚХР Төрағасы Си Цзиньпиннің Астанада, Назарбаев Университетінде жариялаған бастамасын толыққанды қолдаймыз. Қазір бұл бағдарламаға 65 мемлекет қосылды және біз оған "Нұрлы жол" бағдарламасын қостық және жұмыс істеп жатырмыз", - деді Назарбаев.
Қазақстан арқылы өтетін Батыс Еуропа-Батыс Қытай жолының 2700 шақырымы салынды. 2010 жылдан бері 5 мың шақырым автокөлік жолы салынды және осы бесжылдықта тағы 4,4 мың шақырым автокөлік жолын саламыз. Сондықтан Астанадан бастап, еліміздің шеткі нүктелеріне дейін темір жол және автокөлік жолдары тартылатын болады. Біз ҚХР шекарасынан Каспий теңізіне дейін темір жол салдық, себебі біз Тынық мұхитындағы Ляньюньган портын пайдалануға алдық. Олар Қазақстан мен Ресей арқылы Еуропаға контейнер тасымалдауға мүдделі болды", - деді Назарбаев.
Мемлекет басшысының пікірінше, контейнерлік тасымалдау арқылы еселеп табыс табуға болады.
"Қазақстан арқылы контейнерлік тасымалдаулар жылдан-жылға артып келеді. Қазақстан арқылы осындай контейнерлерді миллиондап тасып, жылына 5 млрд долларға дейін табыс табуға болады. Яғни инфрақұрылымға жұмсаған шығындарымыз еселеп қайтады. Енді Қазақстан арқылы Тынық мұхитынан Еуропаға, Иран мен Парсы шығанағына жетуге болады", - деді Назарбаев.
ҚР Президенті Қазақстан болашағы мен экономикасы үшін мұндай инфрақұрылымдық жобалардың маңызы зор екенін баса айтты.
"Бір ай бұрын Бакуде Түркиядан Грузияға және Бакуден Қазақстанға баратын Карс-Ахалкалаки жолы ашылды. Бұл жолдың салынатынын біліп, жүктер мен вагондарды қабылдайтын Құрық портын тұрғыздық. Паромдық, автокөлік және темір жол өткелдері арқылы - яғни, Әзербайжан, Грузия, Түркиядағы Босфор астындағы темір жол туннелі арқылы жан-жақтан Еуропаға жете алатын болдық. Мұның барлығы Қазақстан үшін маңызды, бізге мұндай жолдар ауадай қажет. Өз тауарымызды сыртқа шығарып, бәсекеге қабілетті етуіміз керек. Сол себепті инфрақұрылымдық жобалар мен Жібек жолына тең мүше болу - еліміздің болашағы мен дамуы үшін, экономиканың өсуі үшін маңызды қадам", - деп өз сөзін түйіндеді Нұрсұлтан Назарбаев.
Айта кетейік, 22 желтоқсан күні Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев еліміздегі жетекші БАҚ өкілдеріне 2017 жылды қорытындылауға арналған сұхбат берді. Онда қазақ қоғамындағы елеулі өзгерістер мен өзекті мәселелер туралы журналистер сұрағына жауап берді. Аталмыш сұхбаттың телевизиялық нұсқасы бүгін республикалық телеарналардың эфирінен көрсетілді.