Нұрсұлтан Назарбаев Қырғыз Президентін марапаттады

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - ҚР Тұңғыш Президенті-Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Қырғыз Республикасының Президенті Сооронбай Жээнбековпен кездесті, деп хабарлайды ҚазАқпарат Ақорданың ресми сайтына сілтеме жасап.

Кездесу барысында Нұрсұлтан Назарбаев Сооронбай Жээнбековке «Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті - Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев» орденін табыс етті.

Қазақстанның Тұңғыш Президенті бауырлас екі халық арасындағы қатынастардың жоғары деңгейде екенін атап өтті.

«Біз - бір-бірімізге жақын, бауырлас халықпыз. Мен Сіздің еліңізді жақсы білемін. Қазақстан алдағы уақытта да Сізді қолдайтынына сенімдімін», - деді Елбасы.

Сооронбай Жээнбеков жоғары марапат тапсырғаны үшін Нұрсұлтан Назарбаевқа алғыс айтып, Елбасының Орталық Азия халықтарының достығын нығайту ісіндегі ерекше рөлін атап өтті.

«Сіз Түркі әлемінің көшбасшысы саналасыз. Сіз Орталық Азия елдерінің достығын нығайту ісіне зор үлес қостыңыз. Мен үшін қазақ халқының Елбасысынан орден алу зор мәртебе. Сізге шынайы ризашылығымды білдіремін», - деді Қырғыз Республикасының Президенті.