Нұрсұлтан Назарбаев Қытай бастамасына не үшін қосылғанын айтты

АСТАНА. ҚазАқпарат - Бүгін Қазақстан - Польша бизнес форумы аясында Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев поляк кәсіпкерлеріне Қытайдың "Бір жол - бір белдеу" бастамасына қосылудың себебін түсіндіріп берді. Осы жиынға елімізге мемлекеттік сапармен келген Польша президенті Анджей Дуда да қатысты, деп xабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

"Бәріңіз жақсы білесіздер, Қазақстан Еуразияның қақ ортасында орналасқан. Біз Ұлы Жібек жолының бір бөлігі болып саналамыз. Сол себепті Қытайдың осы бастамасына ("Бір жол - бір белдеу" - авт.) қосылдық. Оған қосылып қана қоймай, Жібек жолын кеңінен дамытуға атсалысудамыз. Қытай шекарасынан Каспий теңізіне дейін автобан салдық. Ресей арқылы Еуропаға шығатын теміржол желісі тағы бар. Бұдан бөлек, оңтүстікке қарай баратын теміржол төселді. Онымен Иран арқылы Парсы шығанағына шығуға мүмкіндік бар. Аталған бағыттарды қытайлық әріптестеріміз де емін-еркін пайдалана алады", - деп атап көрсетті Нұрсұлтан Назарбаев.

Айта кетейік, бүгінгі форумда Мемлекет басшысы фармацевтикалық саланы дамыту мәселесіне баса назар аударды.  

Ал Польша басшысы Анджей Дуда 2022 жылғы ЭКСПО үшін таласта Қазақстаннан қолдау білдіруді сұрады .