Нұрсұлтан Назарбаев қыздарға болашақ жар таңдауда кеңес берді

None
АСТАНА. ҚазАқпарат -  Бүгін Ақордада Қазақстанның әйелдер қауымы өкілдерімен өткен «Көктем шуағы» атты кездесу барысында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев қыздарға болашақ жар таңдауда кеңес берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Отбасы институтын нығайту қажет  етіледі. Бұл тек біздегі ғана емес бүкіл әлемдегі проблема. Тіпті Еуропаның өзінде әрбір екінші, ал қазіргі заманғы Қазақстанда әрбір үшінші неке бұзылады. Ажырасулардың 45 пайызына жұбайлардың жауапкершілікке дайын болмауы себеп. Шығыс билеушілері кезінде лайықты отбасы құру салтанатты сарай салудан да қиын деп айтқан екен. Бұл құрылыс ешқашан таусылмақ емес және екі тарапқа да байланысты», - деді  Нұрсұлтан Назарбаев.

Мемлекет басшысы  күйеуінің де, әйелінің де жауапкершілігі зор болу тиістігін, бұл  үшін олар оған дайын болуы қажеттігін баса айтты.  Сонымен қатар Елбасы қыздарға  ер-азаматтардың қандай сөздеріне құлақ түру керектігіне кеңес берді.

«Сенімен қосылып, бұл өмірдің барлық қиындықтарын бірге өтемін дейтіндердің сөздерін байыппен қабылдау қажет. Сенің шашың әдемі дегендерге емес. Өте танымал актриса Фаина Раневская: «Қалай десек те біз еркектерден ақылдымыз. Біз еркектерді аяғына қарап таңдамаймыз», деген екен», - деді ҚР Президенті.

Айта кетейік, кездесуге Мәжіліс депутаты Зағипа Балиева, ғалым-микробиолог Әлия Ерназарова, Универсиада-2017 чемпионы Анна Шевченко, ҚХА мүшесі, ауыл мектебінің директоры Ирина Седова, «Жас Атамекен» жас кәсіпкерлер клубының президенті Зарина Көкжанова, ақын Толқын Қабылша, әнші Мария Галицкая, «Теңізшевройл» ЖШС адам ресурстарын басқару бас менеджері, аудандық аурухананың бас дәрігері Қарлығаш Рәзиева, Ұлттық экономика вице-министрі Мәдина Әбілқасымова, «Астана-Балет» театрының жетекші балеринасы Милана Буканова, көпбалалы ана Оксана Мукашева, қобыздан халықаралық байқаулардың лауреаты Ақерке Тәжібаева, Астана қалалық кәмелетке жасы толмағандар ісі жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соттың төрағасы Назилия Раззак, Абай атындағы мемлекеттік академиялық опера және балет театрының солисі Оксана Давыденко, ҚР ҚК Парашют дайындығы орталығының аға маманы Римма Рамазанова, актриса Салтанат Бақаева, журналист Венера Мирланқызы қатысты.