Нұрсұлтан Назарбаев: «Шаһнаманың» СD-диск болып басылуы халқымыздың әлемдік мәдени мұралардың зерттелуіне деген қызығушылығын арттыра түседі

АСТАНА. 13 желтоқсан. ҚазАқпарат - Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаев бүгін Астанада өткен «Шаһнама» дастанының аудионұсқасының тұсаукесеріне жиналған әлеуметке арнайы құттықтау сөз жолдады.

Елбасының сөзін ҚР Премьер-Министрінің орынбасары Гүлшара Әбдіқалықова оқып берді.

«Әр халықтың әлемдік мәдениеттің інжу-маржаны санатына енетін өз ұлттық құндылықтары болады. Солардың қатарында тек Иранның ғана жазба ескерткіші емес, халықаралық әдебиеттің игілігі саналатын «Шаһнама» дастаны да бар. Парсы-түрік халықтарының терең тарихына үңілуге мүмкіндік беретін, оны дәйекті түрде және көркем баяндайтын бұл туындыны зерттеп-зерделеудің маңызы өте зор», - делінген құттықтау сөзде.

Президенттің айтуынша, СD-диск басылымының жарық көруі арқылы «Шаһнаманың» қазақ халқының ауызекі музыкалық-эпикалық дәстүрі аясында жаңа ғұмыры басталып отыр. «Бұл халқымыздың әйгілі дастанға және жалпы әлемдік мәдени мұралардың зерттелуіне деген қызығушылығын арттыра түседі деп сенемін», - дейді ол.