Нұрсұлтан Назарбаев смартфондарды пайдалануға қатысты әзілдеді

АСТАНА. ҚазАқпарат - Ақордада өткен баспасөз мәслихатында Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев смартфондар мен мобильдік қосымшаларды пайдалануға қатысты қойылған сұраққа жауап берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Әрине, пайдаланамын, SMS-тер аламын. Телефонымның нөмірін сіздерге берейін бе?»,-деп әзілдеді Мемлекет басшысы тілшілер сауалына жауап беру кезінде.

«Шынын айтқанда, қазіргі заманғы коммуникацияларды пайдалану қажет болғанымен, оларға қатты әуестенудің сәті түспейді. Алайда барлық қажетті ақпарат менде бар. Қажет болғанда ғаламторды бір шолып шығамын. Кезінде біз қарағаннан гөрі көп оқығанға үйренгенбіз. Қазір жастар барлығын интернеттен табады. Олардың кезінде біз оқыған кітаптарға қарамайтынына күйінемін»,-деді Президент.

Осы орайда Мемлекет басшысы бүгінде еліміз бағыт алған цифрлық экономикада ескерілген барлық қадамдар сауатты түрде ұйымдастырылуы керектігін қадап айтты.

Елбасы өз сөзінде бұл бағытта тиісті проблемалар бар екенін, сондықтан да барлық ауылдық жерлерді интернетпен қамтамасыз ету жұмыстары дер кезінде іске асырылуы қажеттігін жеткізді.

«Барлық адамдарға интернет жеткізілуі керек. Сол кезде тұрғындардың жаппай интернет сауаттылығы бізге «Цифрлық Қазақстанды» алға жылжытуға көмектеседі»,-деді Н. Назарбаев.