Нұрсұлтан Назарбаев Сұлтановқа: Үшінші ескерту жаман болады

АСТАНА. ҚазАқпарат - Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев еліміздің Қаржы министрі Бақыт Сұлтановты  мемлекет қаржысын тиімсіз бөлгені үшін сынады, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Бір мәрте мемлекет қаржысын тиімді пайдалану жолын іздеу қажеттігін айтқан едім. Енді міне екінші ескерту беріп отырмын. Байқа, үшіншісі саған жаман болады», - деп ескертті Елбасы бүгін үкіметтің кеңейтілген мәжілісі барысында министрге.

 «Біздің барлығымыз мемлекеттік қызметшіміз. Мемлекетке, халыққа қызмет етуіміз қажет. Ендеше қызмет етейік. Мемлекеттің әрбір тиынын үнемдеу керек. Ысырап болмауы тиіс. Мұнымен жалғыз айналысуым керек пе? Сіздерге бюджет берілді. Сіздер қалай үнемдеу керектігін ойлауға тиіссіздер. Егер үнемдейтін болса, онда оларға бөлу қажет. Дәл осылай кадр мәселесінде де. Егер министрлік, ведомство қызметшілердің 10 пайызын қысқартса, ақшаны үздік жұмысқа төлеу үшін, жалақысын көтеру үшін қалдырамыз», - деп атап өтті Мемлекет басшысы.