Нұрсұлтан Назарбаев: Тұғырымыз - тыныштық, тірегіміз - тұрақтылық, тілегіміз - татулық

АСТАНА. 28 сәуір. ҚазАқпарат - Кеше елордадағы Бейбітшілік және келісім сарайында Мемлекет басшысы, Қазақстан халқы Ассамблеясының Төрағасы Нұрсұлтан Назарбаевтың төрағалық етуімен «Қа­зақстандық жол: тұрақтылық, бірлік, жаңғырту» тақы­ры­бында Қазақстан халқы Ассамблеясының ХІХ сессиясы өтті.

ҚазАқпарат Елбасының алқалы жиында жасаған баяндамасының толық мәтінін ұсынады.

***

Қазақстан Республикасы Президенті Н. Назарбаевтың Қазақстан халқы Ассамблеясының ХІХ сессиясындағы баяндамасы

Ынтымақ, бірлік, келісім - ең асыл байлық ел үшін

***

Құрметті Ассамблея мүшелері!

Қадірменді отандастар!

Сессияның қонақтары!

Баршаңызды Қазақстан хал­қы Ассамблеясы 19-шы сес­сия­сының ашылуымен шын жү­рек­тен құттықтаймын!

Ассамблеяның әр сессиясы еліміз үшін тағдырлы және тү­бегейлі шешімге жол ашады.

Біз бүгін тұрақтылық, бірлік, жаңғырту ұғымдарын басқосу­дың күн тәртібіне шығарып отыр­мыз.

Тұрақтылық - біздің тату­лығымыз берік болуы үшін табан тірейтін тұғырымыз.

Бірлік - баға жетпес басты байлығымыз.

Жаңғырту - келер күнге, кемел келешекке жетелейтін жар­қын жолымыз.

Осы үш ұғым біздің мызғы­мас мемлекетіміздің тұтасты­ғы­на тірек болып тұр.

Үндестігі мол үйлесімді үш­таған - мерейлі мемлекетіміздің қасиетті құндылығы.

Бүгін осы ұғымдардың төңірегінде пікір алысып, бо­ла­шақта бұл ұғымдарды нығайтып, іс жүзіне қалай асыратынымызды әңгімелейтін боламыз.

 

Құрметті Ассамблея мүшелері!

Құрметті қонақтар!

Ассамблея сессиясының күн тәртібіне маңызды біртұтас үш мәселе енгізілген.

ТҰРАҚТЫЛЫҚ, БІРЛІК, ЖАҢ­ҒЫРТУ - Қазақстан қоғамының шешуші құндылықтары.

Олар табысты Қазақстан жолының негізін құрайды.

ТҰРАҚТЫЛЫҚ - тәуелсіз Қазақстан дамуының базалық шарты болған, болып отыр және бола береді.

Қазақстандық тұрақтылық - бұл 700-ден астам жаңа мектеп, 750-ден астам жаңа емхана, аурухана мен медицина орталық­та­ры. Бұл - жаңа пәтерлер мен үй­лер­де қоныс тойларын тойла­ған бір жарым миллион қазақ­стан­дық.

Міне, еліміз екінші онжыл­дық тұрақты экономикалық өсім жағдайында дамып келеді.

2020 жылға дейін біз тағы бір жарым миллион қазақстандықты еңбекке орналастыруды жоспарлап отырмыз.

Индустрияландыру картасы бойынша 2014 жылға дейін 100-ден астам жаңа өндіріс орындары құрылатын болады.

Осы жылы индустриялық-ин­новациялық бағдарламаларды жү­зеге асыру үшін Ұлттық қор­дан бөлінетін қаржы көлемі 1,3 миллиард долларға ұлғаяды.

«Бизнес-2020» Жол картасын орындау толық көлемінде жүріп жатыр.

Кәсіпкерлікке мемлекеттік қол­дау көрсететін мұндай бағдар­лама әлемнің бірде-бір елінде жоқ.

Ал бізде бұл бағдарламаға тек 2012 жылы ғана шамамен 37 миллиард теңге бөлінеді.

Бағдарламаның барлық ба­ғыт­­тары бойынша жұмыс істей­тін­дердің жалпы саны 130 мың дерлік адамды құрайтын бір мың­нан астам кәсіпорынға қол­дау көрсетілуде.

«Жұмыспен қамту-2020» бағдарламасы аясында өткен жылы 1500-ге жуық жұмысын енді бастаған бизнесмендер шағын несиелер алды.

Бір шағын несиенің көлемі 1,8 миллион теңгеден асады.

Үстіміздегі жылы шағын несиелеу шығындары 3,5 есеге ұл­ғайып, ал алушылар саны 8 мыңнан астам адамға өсетін болады.

Біз халықтық ІРО жобасын жүзеге асыруға кірісіп кеттік.

ІРО халықтық рыногына 2015 жылға дейін кезең-кезеңімен «ҚазТрансОйл», «KEGOC», «Эйр Астана», «Самұрық-Энерго», ҚТЖ, «ҚазМұнайГаз», «Қазато­м­өнеркәсіп» және басқа компаниялар кіретін болады.

Халықтық ІРО бағдарламасы - тек жаңа жаппай жекеше­лен­діру емес.

Бұл - лайықты өмір сүретін қуатты жаңа меншік иелерінің табын құру үдерісі.

«ТКШ-ны жаңғырту» бағ­дар­ламасын жүзеге асыруға 2012 жылы 16 миллиард теңге бөлінді.

Бұл бағдарлама әр өңірді, әр қаланы, әр кент пен ауылды қам­тиды.

Біздің денсаулық сақтау саласы жыл өткен сайын дами тү­суде.

Ең соңғы үлгідегі жабдық­тар­мен жарақталған денсаулық пойыздары шалғайдағы 200-ден ас­там пункттегі 100 мыңнан астам тұрғынға медициналық көмек көрсетті.

Қазіргі кезде 183 телемедицина орталығы жұмыс істейді, олар­дың арқасында шамамен 200 мың пациентке қашық­тықтан консультациялар жүргізілген.

Бүгінде Қазақстанда Ұлттық медициналық холдинг арқауын­да жүректің жасанды сол жақ қан қуысын ауыстыру бойынша ғаламат оталар жасалды.

Осының арқасында Қазақ­стан кардиоимплантациялар технологиялары қолданылатын 22 дамыған елдер қатарына қосыл­ды. Біз, тұтастай алғанда, кар­диологияға қатысты мәселелерді шештік.

Жалпы алғанда, бүгінде қа­зақстандықтардың 87 пайызы өздерін әлеуметтік тұрғыдан ор­нықты сезінетінін және бола­шақ­қа сенімділігін атап көр­сетуде.

Қазір бүкіл әлем жаһандық дағдарыстың жаңа толқынын алаңдаушылықпен күтіп отыр.

Тіпті дамыған елдердің өзін­де экономикалық қиындықтар үдеп, әлеуметтік шығындар қыс­қаруда, мемлекеттік қарыздар өсуде.

Ал біз Қазақстанда жаңа за­уыттар, фабрикалар құрып, ша­ғын несиелер берудеміз, зейнет­ақыны, жәрдемақыны және ең­бекақыны ұлғайтудамыз.

Кез келген дағдарысқа дайындық деген, міне, осы.

Қазақстандықтардың БІРЛІГІ - бұл Қазақстанның алға ба­суының кері бұрылмайтынының баға жеткісіз кепілі.

Әлемде мемлекеттің этно­мә­дени бірлестіктерді, Достық үйлерін, театрларды, мектептер мен БАҚ-тарды мұндай кең ауқымды қолдайтын ел аз.

Бүгінде қазақстандықтардың 92 пайызы елдегі этносаралық ахуалды оң бағалайды.

Барлық қазақстандықтардың болашағы ортақ.

Мұны сайлаушылардың аб­со­лютті көпшілігі «Нұр Отан» партиясын қолдаған президенттік және парламенттік сайлаулар­дың нәтижелері тағы бір мәрте көрсетіп берді.

Қазақстандық бірліктің негізі - азаматтық құқықтар мен бос­тан­дықтардың теңдігі.

Мәселен, бүгінде Қазақ­стан­дағы сөз бостандығы, қолда­ныс­тағы заңнамаларға сәйкес, толық көлемінде қамтамасыз етілген.

Осы саладағы іс барысы бізде ТМД, ЕурАзЭҚ, ШЫҰ және тағы басқа құрылымдардағы кез келген әріптестеріміздегіден ай­тар­лықтай жақсы және сәтті. Партия құры­лысы мәселелерінде біз ешкімнен қалып келе жатқан жоқпыз.

Іс жүзінде біз баспасөз қыз­ме­тін қамтамасыз етуде еуропа­лық үлгі-қалыптарға барынша жақынбыз.

Ал бірқатар айқындамалар бойынша, мәселен, зорлық-зомбылық пен қатыгездік, терроризм мен экстремизм идеяларын таратпауды бақылау жөнінен біздің заңнамаларымыз әлемнің көптеген елдеріне қарағанда айтарлықтай жұмсақ.

ЖАҢҒЫРТУ - жаһандық да­му­дың императиві.

Бүгінде әлемде экономиканы дамыту, адамдар өмірін жақ­сар­ту үшін теңдессіз мүмкіндіктер ашатын жаңа технологиялық революция пісіп-жетілуде.

Қазақстан осы үдерістерде Бір­тұтас экономикалық кеңістік­тегі әріптестерімен қатар жүруі тиіс.

Сондықтан барлық қазақ­стан­дықтарға индустриялық-ин­новациялық дамудың, әлеуметтік жаңғыртудың, өңірлік және жа­һандық интеграцияның тағдыр­шеш­ті тарихи міндеттерін сезіну маңызды. Жаһандық әлем мен жаһандану тежелу үстінде. Өңір­лік интеграциялар барынша үл­кен рөл атқаруда. Сондықтан Еуразиялық экономикалық одақ - экономиканы нығайту, тәуел­сіз­дік пен еліміздің болашағы үшін қажеттілік және игілік.

 

Қымбатты отандастар!

Мен еліміздің түкпір-түк­пірі­нен тұрақты түрде жылы сөздер жазылған хаттар алып тұрамын.

Тек соңғы бір жарым жылда менің атыма Ассамблея желісі бойынша шамамен 10 мыңдай хат келіп түсті.

Олардың әрбір жолынан бар­лық Қазақстан халқының риза­шы­лықты және ақжарқын көңілі көрінеді.

Қазақстандықтар біздің бей­біт­шілік пен жасампаздық сая­са­ты­мызға шынайы қолдауын біл­діреді.

Қостанай облысының Люблинка ауылынан Виктория Георгиевна Костенко былай деп жазады: «Біз Германияға кетеміз деп шештік, бірақ осында жан-жүрегімізді қалдырғандай бол­дық. Мен ол жақта Қазақ­стан­ның байтақ даласынсыз, туған әуенсіз тұра алмадым.

Отаным туралы, ең бастысы - бірге тұрған адамдар туралы естеліктермен, күнделікті күй­бең тіршілікпен және үмітпен күн кештім. Енді мен қайтадан үйім­демін - өсіп-өркендеген және биіктіктерді бағындыра түс­кен елімдемін.

Біздің жерімізде қашанда бейбітшілік пен келісім салтанат құрсын!».

Рахмет, Виктория Георгиевна!

Мен сіздің тілегіңізді барлық қазақстандықтарға жеткіземін!

Бүгінде жаһандық әлем бір­ліктің формуласын іздейді және оны осы жерден біздің Қа­зақ­станнан табады.

Менің жақындағы кездесуім барысында БҰҰ Бас хатшысы Пан Ги Мун Ассамблея қағи­дат­тарын - өзара құрмет пен толе­рант­тылықты - «БҰҰ қағидат­та­ры деген, міне, осы» деп атап көрсетті.

Осының барлығы біздің елі­міздің дұрыс жолмен келе жат­қанын айғақтайды.

Бүгінде кез келген этностық немесе діни ұстанымдағы қазақ­стандық - өз елінің тең құқықты азаматы.

Қазақ халқы мен мемлекеттік тіл дамып келе жатқан қазақ­стан­дық азаматтық қоғамның бірік­тіруші ядросы ретінде көрінуде.

Бұл үдеріс объективті жүріп жатыр.

Мемлекеттік БАҚ-тардың 70 пайызы қазақ тілінде шығады.

Қазақ тілінде білім беретін мектептерде оқитындардың саны 63 пайызды құрайды.

Біз 2020 жылға қарай барлық қазақстандықтардың 95 пайызы мемлекеттік тілді меңгеруі тиіс деген міндет қойып отырмыз.

Мемлекеттік тілді меңгеруге алдымен өз қандастарымыз мол үлес қосуы керек.

Еліміздегі он миллионнан астам қазақ түгел ана тілінде сөйлесе, байлықтың үлкені осы болар еді.

Бұл тіл баршаны біріктіретін, жастарды жақындастыратын татулық тіліне айналуға тиіс!

Мен тіл туралы мәселе - саясат мәселесі емес екенін талай айтқанмын.

Саяси шешім баяғыда, Конституция мен тиісті заңдар қабыл­дануымен алынған болатын.

Тіл туралы мәселе саяси сау­да­лаудың тақырыбы бола алмайды.

Енді бұл практикалық мәселе.

Экономикалық және әлеу­меттік жаңғыртудың маңызды қыры - тілдердің үштұғырлығын дамыту.

Іс жүзінде барлық қазақ­стан­дықтар орыс тілін біледі. Бұл - біздің жоғалтуға болмайтын ортақ байлығымыз.

Қазақстандықтар үшін инновациялар, технологиялар мен биз­нес әлеміне терезе ашатын ағыл­шын тілінің маңызы мен рөлі артып келеді.

Бүгінде кез келген дамыған елде тұрғындардың абсолютті көпшілігі 2-3 тілде еркін сөй­лейді.

Сондықтан технологиялық тұрғыдан ілгері кеткен елдерде химия, математика, физика, биология сияқты жаратылыстану пәндері мектептер мен университеттерде көбіне-көп ағылшын тілінде оқытылады.

Ал тарих, әдебиет және басқа гуманитарлық пәндер ана тілінде оқытылады.

- Мұның ең жаңа мысалы Малайзия тәжірибесі.

Онда халықтың басым көп­ші­лігі елдің мемлекеттік тілін тамаша біледі, бірақ оқыту ағыл­шын тілінде жүргізіледі. Бұлай болмаған жағдайда, деп есеп­тейді олар, ел технологиялық тұрғыда әлемдік қоғамдастықтан кейіндеп қалады. Бұл - әмбебап педагогикалық қадам.

Сондықтан бізге де ағылшын тілін оқу қажет.

Білім және ғылым министр­лігіне осындай халықаралық тәжірибені ендіру мәселесін тапсырамын.

Құрметті сессияға қатысушылар!

Биылғы жылдың үлесіне біз ұмытпауға тиісті бірден екі дата дөп келіп отыр.

Бұл - 30-шы жылдардың басындағы жаппай аштықтың 80 жылдығы мен сталинизмнің жаппай саяси репрессиясының шегіне жетуінің 75 жылдығы.

Бұл қасіреттердің орны толмайды.

Ең жалпылама есеп бойынша аштық пен аурудан Қазақстанда, Беларусьте, Ресейде және Украинада 7 миллионнан астам адам көз жұмған.

Сол кезде аштықтан қаза тап­қандардың бір жарым миллионнан астамы Қазақстанға тиесілі.

600 мың қазақ аштық пен аурудан құтқарыламын деп туған жерін тастап кетуге мәжбүр болды.

Тек 1937-1938 жылдары, ресми дерек бойынша, Кеңес Одағы аумағында НКВД органдары бір жарым миллионнан астам адамды тұтқындаған.

Біз мұны ұмытпауға тиіспіз!

31 мамырда біз жыл сайынғы Саяси қуғын-сүргін және аштық құрбандарын еске алу күнін атап өтеміз.

Осы күні Астанада «Ашар­шы­лық құрбандарына ескерт­кіш» монументі ашылатын болады.

Сол бір қатыгез дәуірде қазақ халқының қонақжайлығы мен Қазақстанға күштеп қоныс ауда­рыл­ған барлық этностардың өз­ара қолдауы арқасында респуб­лика ауыртпалықты кезеңнің қа­ты­гез жылдарына шыдас бере білді.

Кейінгі кезеңде біз бірлік пен келісім құндылықтарын қоғам­ның іргетасына, біздің айрықша қазақстандық толеранттылық­тың негізіне айналдыра алдық.

Біз бұл құндылықтарды қа­зақ­стандықтардың әрбір келер ұрпағына ұқыптылықпен жеткізе білуіміз керек.

Қымбатты достар!

Этносаралық келісімді ны­ғай­ту ұдайы күш-жігер жұм­сау­ды қажет етеді.

Біріншіден. Қазақстандық то­леранттылықты нығайту - бәрі­нен бұрын, Қазақстан халқы Ассамблеясын нығайту мен дамыту.

Менің тапсырмам бойынша ҚХА-ны 2020 жылға дейін дамыту стратегиясының жобасы әзір­ленді.

Бізге Ассамблеяның өңір­лер­дегі жұмысын сапалық тұрғыда күшейту қажет.

Өздеріңіз білесіздер, Мәжі­ліс­те Ассамблея бейбітшілік, қо­ғамдық және этносаралық келі­сім мәсе­ле­ле­рі бойынша партия­аралық ынты­мақ­тастықтың де­путаттық тобы құ­рылды.

Іс жүзінде бұл түрлі партиялар депутаттарының өзара іс-қимы­лы­ның жаңа тетігі.

Өте сауатты қадам. Бұл тә­жіри­бені облыстық мәслихаттар дең­гейін­де де тарату қажет.

Облыс әкімдері хатшылық мең­герушілерінің сапалық құ­рамы­на назар аударуы тиіс.

Оларда тәжірибелі және беделді кадрлар жұмыс істеуі керек.

Сіздердің назарларыңызды ҚХА құрылымының облыстар­дың, Алматы және Астана қалаларының ресми деңгейінде шектеліп қалмауы тиіс екен­дігіне аударғым келеді.

Жоо-лардың, ұлттық компаниялар мен кәсіпорындардың ірі ұжым­дарындағы Ассамблея жұ­мысының жаңа пішіндері туралы мәселені зерттеу қажет.

Ассамблея - біздің ұлттық игілі­гіміз.

Сондықтан оның өңірлік филиалдары жұмысының тиімділігі үшін облыс әкімдері дербес жауап береді.

Белгіленген барлық көзқарас­тар­ды ескере отырып, ҚХА-ны 2020 жылға дейін дамыту стратегиясын жетілдіріп, қабылдау қажет.

Екіншіден. Мемлекеттің зайы­р­лы­лық қағидаттарын берік ұс­тану біздің қоғамымыздың тұ­рақты да­муы­ның берік кепілі болып табылады.

Дін - адам жаны мен моралінің саласы.

Әрбір дін уағыздайтын жо­ғары құндылықтар - Исламның, Право­славие­нің, Католицизмнің, Протес­тант­тықтың діни ілімдері әркезде де мемлекеттен қолдау табатын болады.

Бір айдан соң біз Әлемдік және дәстүрлі діндер көш­бас­шыларының Төртінші Съезін қабылдайтын боламыз.

Оны өткізу ХХІ ғасыр­да­ғы әлемді қалыптастырудың маңыз­ды қа­ғидаты ретіндегі жаһандық то­леранттылықты орнықтыру ісіне қосқан Қа­зақстанның ең ұлы сыйы.

Бүкіл діни бірлестік­тер­мен өзара байланыстарды ны­ғайту үшін Қазақстанда Дін істері жөніндегі агенттік құрылды.

Жастарды жалған діни топтар ықпалынан қорғау жө­нінен тиімді шаралар ке­шенін қа­лыптастыру қажет.

Үшіншіден. Менің тапсырмама сәй­кес Үкімет Жер­гілікті өзін-өзі басқаруды дамыту тұ­жырымдама­сын әзір­леуде.

Тұжырымдамада жер­гі­лік­ті жер­лердегі этносаралық және дінаралық өзара байла­ныс­тар­дың барлық қыр­лары ескерілуі тиіс.

ҚХА осы құжатты әзір­леу­ге белсенді атсалысуы керек.

Құрметті сессияға қатысушылар!

Халық Ассамблеясы мә­жі­лістерінде біз ел дамуы­ның ең маңызды мәселелерін талқы­лаймыз.

Бүгін әлеуметтік жаң­ғыр­тудың бірқатар жаңа аспек­тілерін көтергім келеді.

Қазір қарапайым адам­ның мүддесі бірінші кезекке шығып отыр.

Қоғамда әділ де лайықты еңбекке деген кең көлемді сұраныс бар.

Менің қаңтардағы Жолдауымда осынау халықтық сұ­ра­нысқа жауап басты орын алды.

Мен әлеуметтік әділеттілік туралы егжей-тегжейлі баяндадым.

Индустрияландыру - ән­ше­йін мақсат емес.

Біздің басты мақсатымыз - Адам, оның мүдделері, тағдыры, білім алуы, еңбекке орналасуы, сапалы тұрғын үй. Жаңа кәсіп­орындар, өнеркәсіптің жоғары өндірісті нысандары жоғары кә­сіби мамандарды талап етеді. Демек, Қазақстанда өмір өзгеріп, өзіміз айтып жүрген орта тап өсіп шығады.

ХХІ ғасырдағы табысты экономика - әлеуметтік жауапкер­ші­лік пен әділеттілік экономикасы.

Біздің халық экономиканы жаңғыртуға белсенді атсалысуда және бүкіл жұмыс берушілер тарапынан әділетті қарым-қаты­настар күтеді.

Өнімді еңбек үшін әділ табыстарды қамтамасыз ету қажет.

Еңбектің және кәсі­би­ліктің беделін толық кө­лемде қайта қалпына кел­тіру қажет.

Біздің Жаңаша индус­трия­­ландыру дәл осыған ба­ғыт­талған.

2020 жылы барлығы бір жарым миллион адам еңбекке орналастырылатын болады.

Біз инновациялық экономиканы құрудамыз, әрбір адам: «Мен - қазақстандықпын, менің елім­де мен үшін барлық есіктер ашық!» деп айта алатындай әділ қоғам орнатудамыз.

Қазақстан - жас ел, әрбір екінші қазақстандықтың жасы 30-ға әлі жеткен жоқ.

Қазақстанның болашаққа серпінді ұмтылысында мен сіздерден зор үміттер күтемін, менің жас отандастарым!

Қазақстан жастарының білім алуы, лайықты еңбек етуі, тұрғын үйге ие болуы, спортпен айналысуы үшін барлық қажетті жағдайлар жасалуда.

Тұрғындарды орта біліммен қамту көрсеткіші бойынша біз Жаһандық бәсекеге қабілеттілік индексіне қатысушы 182 елдің ішінде 18-ші орын аламыз.

600 мыңнан астам адам техникалық және кәсіптік білім берумен қамтылған.

Тәуелсіздік жылдары ішінде біздің жоо-лар 2,4 миллионнан астам маман даярлады.

«Дипломмен - ауылға!» бағдарламасы аясында 16 мыңнан астам жас мамандарды тарту үшін 2012-2014 жылдарға республикалық бюджетте 21,6 миллиард теңге қарастырылған.

Бүтіндей алғанда, «Ауыл жас­тары», «Дипломмен - ауылға!» және «Жасыл ел» жалпыұлттық жобаларын қаржыландырудың жиынтық көлемі бүгінде 37,7 миллиард теңгені құрады.

«Жасыл ел» бағдарлама­сы­ның белсенділерінің өзі бүкіл ел бойынша 43 миллионнан астам көшет отырғызды.

Бұл дегеніңіз 80 мың гектар жаңа орман алқабы.

2020 жылға дейін жас отбасылар үшін 1,2 миллион шаршы метр тұрғын үй құрылысы қа­растырылуда.

Қазақстанда әрбір төртінші мемлекеттік қызметші - жас маман.

Жастардың спортпен айна­лыс­уы үшін жағдай жасалуда.

Тек өткен жылы ғана мың жарымнан астам жаңа спорт нысандары ашылды.

Жұмыстың маңызды бағыты - жұмыспен қамту және жастарды еңбекке орналастыру.

«Жұмыспен қамту-2020» бағ­дарламасы аясында «Жастар тәжірибесі» сияқты бағыт табыс­ты жүзеге асырылуда.

Осы мақсаттар үшін үсті­міз­дегі жылы 2,7 миллиард теңге бөлінді, ол 15 мың жас түлекті қамтуға жағдай жасайды.

Озық индустриялы елдерде - Германияда, Англияда, АҚШ-та, Оңтүстік Кореяда - жұмысшы кадрларды даярлаудың дуалдық жүйесі өзін жақсы жағынан көрсетті.

Осы жүйе бойынша кәсіптік мектептер оқушылары бір мез­гіл­де өндірісте тағылымгер болып табылады.

Даярлаудың осындай жүйесін Қазақстанда да кеңінен енгізу қажет.

«Самұрық-Қазына» қорына арқаулық кәсіпорындар тізімін бел­гілеп, дуалдық модельді бір­те-бірте енгізудің жоспарын әзірлеуді тапсырамын.

Бұл біздің жаңа индустрияландыру үшін кадрларды даяр­лау­ды жаңғыртуымызға жағдай жасайды.

Оның үстіне Индустрияландыру картасы аясында құны 9,6 триллион теңге болатын алты жүзден астам жоба жүзеге асырылуда.

Жастар үшін барлығы 370 мыңдай дерлік жұмыс орындары құрылуда.

Өздеріңіз көріп отырғандай, қазақстандықтардың жаңа буынын қолдау үшін мемлекет бар­лық қажетті жағдайларды жасап отыр.

Біз бұл жұмысты жалғас­тыруымыз керек.

Біріншіден, Үкіметке үстіміз­дегі жылдың 1 қарашасына дейін менің қарауыма Мем­ле­кеттік жастар саясатының 2020 жылға дейінге арналған тұжы­рымдамасының жобасын ұсыну­ды тапсырамын.

Екіншіден, үстіміздегі жыл­дың соңына дейін біздің заң­намаларымызды мемлекеттік жас­тар саясат мәселелері бойынша жаңарту қажет.

Үшіншіден, Білім және ғы­лым министрлігі құрылымында Жастар саясаты жөніндегі комитет, ал өңірлерде - тиісті бас­қармалар құруды тапсырамын.

Облыстардың, Астана және Алматы қалаларының әкімдері өңірлік Жастар істері жөніндегі кеңестерді тікелей өздері бас­қаруы тиіс.

Төртіншіден, қазір жастар үшін жаңа әлеуметтік лифтілер қа­лыптастырудың маңызы өте зор.

Мемлекеттік қызмет тиімді әлеуметтік лифтілердің біріне ай­налуы үшін біз бұл бағытта қазірдің өзінде көптеген істер атқардық.

Тек өткен жылы ғана Мем­лекеттік қызмет істер агенттігі кадрлық резерв аясында 2 мыңнан астам адамды, негізінен жас мамандар, жұмысқа орна­лас­тырды.

Бірақ тәуелсіз әлеуметтік зерттеулер жұмысқа орналасу және еңбек жолын бастауда жағ­дайлардың бірдей еместігі жас­тар үшін ең маңызды мәселе болып табылатынын көрсетіп отыр.

Жақсы, кейде тіпті сапалы шетелдік білім ала отырып, жас маман жұмысқа орналаса алмайтын және өз әлеуетін жүзеге асыра алмайтын жағдайлар да аз емес.

Үкіметке жастар үшін әлеу­меттік лифтілер қалыптастыру жөнінен заңнамалық және әлеу­меттік-экономикалық шаралар­дың жүйелі дестесін әзірлеуді тапсырамын.

Бесіншіден, жастар арасын­дағы үдерістерге терең зерттеулер жүргізу қажет.

Білім және ғылым министр­лігіне Гумилев атындағы Еуразия университеті жанынан «Жас­тар» ғылыми-зерттеу орталы­ғын құру туралы мәселені ойластыруды тапсырамын.

Алтыншыдан, «Жас Отан» Жастар қанатының жұмысын күшейте түсу қажет.

«Нұр Отан» партиясының Орталық аппаратына «Жас Отанның» 2020 жылға дейінгі іс-қимыл стратегиясын әзірлеп, бекітуді тапсырамын.

Азаматтық альянстың және жастар ұйымдарының бастамасымен менің Жолдауыма қолдау ретінде бүкіл ел бойынша «Бо­ла­шақ бүгіннен басталады!» ак­ция­сының басталғанын білемін.

Оның аясында мен жастармен кездесулер өткізуге дайынмын.

ҚХА істен бейтарап қалмай, жастар проблемаларына көбірек көңіл бөліп, жоғарыда аталған шараларға белсенді қолдау көрсетуге тиіс.

«Нұр Отан» партиясымен бірге осы жұмыстарға қатаң бақылауды жолға қою қажет.

Құрметті отандастар!

Бүгінде біздің азаматтарымыз үшін барлық есіктер, барлық мүмкіндіктер, барлық жолдар ашық.

Біз көппіз және біз бәріміз - бір елміз, бір халықпыз.

Сондықтан бүкіл саяси күштер, бүкіл қазақстандықтар басты мақсаттарға жету жолында топтасуы тиіс.

Ол - бірлік пен тұрақтылық, азаматтардың әл-ауқатының артуы, дені сау және білімді ұлт.

Өз еліңе пайдалы болу, өз Отаныңның тағдыры үшін жауапты болу - әрбір отандық сая­саткердің, әрбір қазақ­стан­дық­тың борышы мен ар-ожданы.

Алдымызда Қазақстан хал­қы­ның бірлігі күні жақындап келеді.

Мен баршаңызды осынау біздің ортақ мерекемізбен құт­тық­таймын!

 

Құрметті қауым!

Қазір біздің бірлігі жарасқан еңселі ел, зайырлы мемлекет екендігіміз баршаға аян.

Татулық пен тұрақтылықты қалыптастыруға Ассамблея айрықша үлес қосты.

Бірліктің берекелі бесігіне айналған бұл құрылымның алдағы уақытта да көп жұмыс атқаратынына сенемін.

Ұлтты ұйыстырып, ұлысты ұғыстыра білген еліміз өркендей түссін!

Түрлі халықтың тағдырын тоғыстырып, тұтастығын сақта­ған Қазақстан жасай берсін!

Тұғырымыз - тыныштық, тірегіміз - тұрақтылық, тілегіміз - татулық болсын!

Баршаңызға табыс тілеймін!

«Егемен Қазақстан» газеті 28 сәуір 2012 жыл.