"Нұрекең өте жас жетiлдi. Қазақ азаматтарының қолынан келмеген үлкен Орталық партия комитетiнiң қабырғасының өзiнде күрестi. Ол кезде жұрт жалған рапорт беруге әуес едi. Шындықтың барлығын жасыратын, жалған сөйлейтiн. Ал Нұрсұлтан өмiр бойы шындық үшiн күресiп келе жатқан адам. Сол күрестен ақыр соңында бақытын тапты", - дедi ол тiлшiлерге берген сұхбатында.
Оның айтуынша, Елбасы халық тiзгiнiн бiр мезетте алған жоқ, оған бұл деңгейге жету үшiн үлкен тер төгуге келдi.
"Нұрсұлтан Назарбаев бiр күнде осылай жетiлiп, жұрт бiлетiн Президент болған жоқ. Оның жолы өте ауыр болды. Бұралаң болды. Сол тығырықтан жол тапқан, елiн осындай көшке бастаған, ең ауыр кезде ел тiзгiнiн қолына алған, тағдырына жауап берген, соны мойнына алған, халықтан шыққан кемеңгер. Сондықтан елiмiз мына жарқын мереке күнi Қазақстан Тұңғыш Президентiнiң күнi Нұрекеңнiң өзi қатысып, бала-шағасымен келiп, ортамызда отырды", - дейдi жазушы.
"Менiң таңғалатыным бұл әрi деректi әрi көркем фильм. Басқаша болуы мүмкiн емес те едi. Кремльдi аузына қарату оңай емес, соны аузына қаратқан адам. Мен көпшiлiкке, барша Қазақстан азаматтарына осы фильмнiң шығуымен құтты болсын деймiн", - деп түйдi сөзiн М. Жолдасбеков.
"Тығырықтан жол тапқан" фильмiнiң тұсаукесер көрсетiлiмiне ҚР Президентi Нұрсұлтан Назарбаевтың өзi қатысқандығын айта кету керек. Киножобаны ҚР Мәдениет және спорт министрлiгiнiң тапсырысымен Шәкен Айманов атындағы Қазақфильм киностудиясы түсiрген.
Онда Қазақстан Президентi Нұрсұлтан Назарбаевтың 1970-шi жылдардағы еңбек жолы, саясатқа ендi ғана қадам басқан сәттерi суреттелген. Фильмнiң режиссерi - Рүстем Әбдiрашов.
Еске сала кетейiк, 2011 жылдан берi "Елбасы жолы" киноэпопеясы түсiрiлiп келе жатыр. Бұның алдында киноэпопеяға "Балалық шағымның аспаны" (2011), "Отты өзен" және "Темiр тау" (2013) фильмдерi енген болатын.
"Тығырықтан жол тапқан" фильмiнiң түсiрiлiмi 2014 жылы ақпан айында басталды. Киноға қазақстандық актерлермен бiрге Валентин Гафт, Евгений Сидихин, Владимир Стеклов, Евгений Стычкин, Виктор Сухоруков сынды ресейлiк актерлер ендi. Елбасының бейнесiн қазақстандық актер Нұрлан Әлiмжанов сомдады. Фильм көпшiлiк назарына 4 желтоқсанда Қазақстанның 25 қаласында 50 кинотеатрда тарту етiледi деп жоспарланған.