Қазақстандық балуан Нұрсұлтан Тұрсынов Сербия астанасы Белград қаласында мәресіне жеткен әлем чемпионатында грек-рим күресінен олимпиада жолдамасына ие болды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Абай облысының тумасы Нұрсұлтан Тұрсынов (жеке бапкері Ерғазы Сағынаев) 87 келіге дейін салмақта қола жүлде үшін бәсекеде олимпиада чемпионы, украиналық Жан Беленюкқа есе жіберді.
Дегенмен жарыс шарты бойынша жеңіліп қалғандар үшін тағы бір жолдама ойнатылды.
Бұл белдесуде Нұрсұлтан әзербайжандық Ислам Аббасовты 8:0 есебімен бет қаратпай, айқын басымдықпен ұтты.
Сөйтіп өз салмағында бесінші орынға табан тіреп, олимпиада жолдамасын жеңіп алды.
Осылайша, күрес түрлерінен дүниежүзілік додада Қазақстан құрамасына қос жолдама бұйырды.
Бұған дейін еркін күрестен Азамат Дәулетбеков қола жүлдегер атанып, олимпиада лиценциясын қанжығасына байлаған еді.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын Жәмила Бақбергенованың Азия ойындарында олимпиадалық салмақта күресетінін жазған едік.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).