-Мына деректерді біле жүргенін дұрыс болар,-деп қолыма папкі ұстатты.
Кеш қарая ұшағымыз Тәшкенге қонды. Президент Н. Назарбаев кортежі бірден Өзбекстан Президентінің резиденциясына бет бұрған. Біз журналистер бүгінге демалысымыз ғой деп асықпай қонақ үйге қарай жиналдық. Көлігіміз мейманхана алдына тоқтағанда, Президенттер пресс-конференция өткізеді деген хабар түсті. Тез жиналып қайтадан резиденцияға тарттық. Жол бойында көлік те, адам да көрмедік.Тек қаздиып тұрған сақшылар.
Резиденцияға кірерде күзет қызметінен өту ұзаққа созылды. Шағын мәжіліс залының төріндегі қос креслода екі Президент журналистерді күтіп шәй алып отыр екен. Бірден байқағанымыз ресми кездесу өзбектің дәмді дастарханынан басталғаны сезіліп тұрды. Үй иесі ретінде Ислам Каримов патша көңілмен: «Нұрсұлтан Әбішұлымен бірге сендердің барлық сұрақтарыңызға жауап беруге дайынбыз»,- деді.
Қазақ-өзбек журналистері күн тәртібіндегі мәселелерді сұраған. Кезегім келгенде мен Өзбек басшысынан:
«Қазақ, өзбекті өз ағам, дейді. Осы орайда Орталық Азия республикалырының экономикалық одағын құру туралы Қазақстан ұсынысына не дейсіз және Совет Одағы құлаған соң, Тәуелсіздігін жариялаған мемлекеттер арасында шекара тұтастығына алкөздікпен қарау пиғылдары туралы көзқарасыңызды білсем деп едім?»,- дегенмін.
-Сен, шекара проблемасында Жириновскийді айтып тұрған боларсың? Ол пәле Қазақстанның солтүстікіндегі бес облыс Ресейдікі деп сайрауын қоймады ғой. Мәскеуге арнайы барып, сендерге бұлай сөйлемейтіндей етіп Жириновскийді қуып жүріп таяқтаймын. Енді ондай саңдырақ айтпайтындай қылам!- деп бізді бір ду күлдіріп алған.
Сосын: «Қазақ, өзбекті өз ағам десе, Мен қазақтан Нұрсұлтан Әбішұлындай сенімді әрі мықты дос тапқаныма мақтанамын. Нұрсұлтан досым қайда, қай жаққа жол бастаса да адастырмайды, оның айтқаны қашанда тұп - тұра, біз қолдаймыз! Нұрсұлтандай досың болсын!»- деген еді.
Кейінен Каримовтың осы сөзі «Қазақтан досың болса, жолдан адаспайсың!» деген өзбектің халық мақалына айналды. Осы мәслихаттан сол күні қаз-қалпында сюжет жасап «Хабардың» эфирінен өткіздік. Елбасымыздың сарабдал саясаты туралы дайындаған сансыз телехабарларымыз «Хабар» архивіне сақтаулы болар. Көп дүниенің бүгінде де салмағы салиқалы күйінде сақталып отыр. Өткен күнде белгі көп.