Нұртас Әжбенов профи-рингте кезекті жеңіске жетті

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Қазақстандық боксшы Нұртас Әжбенов (4-0, 1 КО) кәсіпқой рингтегі кезекті айқасын өткізді, деп хабарлайды ҚазАқпарат Sports.kz сайтына сілтеме жасап.

Ол Англияның Ньюкасл қаласындағы Eagles Community Arena-да өткен бокс кешінде өнер көрсетті. Оның қарсыласы ресейлік Борис Шикунов (1-1-2, 0 КО) болды. Жеңіл салмақтағы кездесу алты раундқа есептелді. Нәтижесінде, Әжбенов 58-57 есебімен жеңіске жетті.

Осылайша, 24 жастағы Нұртас профи-рингтегі бесінші жеңісіне қол жеткізді. Ал Шикунов спорттық мансабында екінші рет жығылды.

Айта кетейік, қазақстандық боксшы MTK Global промоутерлік компанияның қарамағында. Компания сондай-ақ танымал британдық спортшылар Билли Джо Сондерс пен Тайсон Фьюридің мүдделеріне өкілдік етеді.

Әжбенов 20 жастағы Борис Шикуновпен жекпе-жек өткізетінін бұған дейін хабарлаған болатынбыз.

Отандасымыз төртінші жекпе-жегін Уэльстің Кардифф қаласында өткізген еді. Алты раундтық жекпе-жекте оның қарсыласы 25 жастағы британдық боксшы Крис Адавей (8-50-4, 1 КО) болды. Кездесу ұпай саны бойынша Әжбеновтің айқын басымдығымен аяқталды. Есеп - 60-53.