Нұржан Дүйсебайұлы: Қалдықтарды қайта өңдеуге тапсырып, табыс табуға болады

АСТАНА. KAZINFORM – Қазақстанда балаларға арналған қалдықтарды сұрыптау тақырыбындағы мультфильмдер әзірленіп жатыр. Бастаманың мақсаты – балалардың экологиялық мәдениетін ерте жастан қалыптастыру.

Фото: видеодан алынған скрин

Бұл туралы «Жасыл даму» АҚ Қоғаммен байланыс қызметінің басшысы Нұржан Дүйсебайұлы Jibek Joly телеарнасының «Бүгін.LIVE» бағдарламасында айтты.

Елімізде экологиялық мәдениетті қалыптастыру бағытында жүйелі жұмыстар жүргізіліп келеді. Әсіресе, балаларға қоршаған ортаны қорғау мен қалдықтарды сұрыптаудың маңызы ерте жастан түсіндіріліп жатыр. Маманның айтуынша, 2025 жылы Астана және Жезқазған қалаларында пилоттық жоба аясында 223 мемлекеттік мектепке 3700-ден астам эко-бокс орнатылған. Сонымен қатар оқушыларға арнайы эко-сабақтар өткізіліп, қалдықтарды бөлек жинау мәдениеті үйретіледі.

– Қазіргі таңда басты бағыттардың бірі – мектептерде экологиялық сабақтар өткізу. 2026 жылы еліміздің 15 облысындағы 775 мемлекеттік мектепке 27 900 эко-бокс орнату жоспарланып отыр. Жобаның негізгі мақсаты – оқушыларды жастайынан қағаз, әйнек және пластик қалдықтарын бөлек жинауға үйрету арқылы экологиялық мәдениетті қалыптастыру. Себебі қазіргі таңда тұрмыстық қалдықтардың сұрыпталмауы бірқатар экологиялық мәселелерге себеп болып отыр, - деді ол.

Нұржан Дүйсебайұлының сөзінше, балалар көбіне ересектерден үлгі алады. Осыған байланысты Астанада екі тұрғын үй кешеніне қайта өңдеуге жарамды қалдықтарды бөлек жинауға арналған арнайы контейнерлер орнатылған.

– «Таза үй – таза ел» жобасы іске қосылды. Астана қаласы әкімдігі және Жалпыұлттық социал-демократиялық партия қолдауымен іске асты. Жоба аясында тұрғындар пластик, әйнек және картон қалдықтарын бөлек жинап, мүлік иелері бірлестігіне өткізе алады. Бір келі әйнек – 40 теңге, картон – 60 теңге, ал пластик – 100 теңгеден қабылданады. Осылайша тұрғындар қалдықтарды сұрыптау арқылы қосымша табыс таба алады. Мысалы, 250 пәтері бар тұрғын үй кешенінде орта есеппен 750 адам тұрады деп есептегенде, тұрғындардың сұрыпталған қалдықтарды өткізуі нәтижесінде мүлік иелері бірлестігі айына шамамен 50 мың теңге табыс таба алады. Бұл қаражатты тұрғын үйдің қажеттіліктеріне жұмсауға мүмкіндік бар, - деді Нұржан Дүйсебайұлы.

Спикер сөзінше, жоба аясында әр тұрғын үй кешенінің жертөлелеріне арнайы контейнерлер орнату жоспарланып отыр. Ал әзірге өзге тұрғын үйлердің тұрғындары қалдықтарды «Эко қолдау» мобильді қосымшасы арқылы сұрыптап өткізе алады.

– Қосымша «Жасыл даму» АҚ бастамасымен жүзеге асырылып жатыр. Жоба бес негізгі бағыт бойынша жұмыс істейді. Олардың қатарында жеке тұлғалар, заңды тұлғалар, тасымалдаушылар, жинаушылар және қалдықтарды толық циклмен өңдейтін компаниялар бар. «Эко қолдау» қосымшасы арқылы азаматтар пластик, әйнек және картонды бөлек жинап, кемінде 10 келіден арқылы тапсыра алады. Ірі компаниялар үшін ең төменгі көлем – 30 келі. Қалдықтарды сұрыптау мәдениетін қалыптастыруда мобильді қосымшаның маңызы зор.Экологиялық мәдениетті қалыптастыру уақытты талап етеді. Осы бағытта «Жасыл даму» АҚ балаларға экологиялық тәрбие беруге басымдық беріп отыр, - деді «Жасыл даму» АҚ Қоғаммен байланыс қызметінің басшысы.

Ресми мәліметке сәйкес, Қазақстанда жыл сайын 4,5–4,8 миллион тонна тұрмыстық қалдық жиналады. Алайда олардың тек төрттен бірі ғана қайта өңделеді. Ал қалғаны ескірген полигондарға жіберіледі. Осы мәселені шешу үшін «Жасыл даму» АҚ қайта өңдеу саласындағы кәсіпорындарға қолдау көрсетіп отыр.

– Қазіргі уақытта ҚР Экология және табиғи ресурстар министрлігі инвестициялық жобалар аясында қалдықтарды сұрыптап, қайта өңдеумен айналысатын компанияларға қаржылай қолдау көрсетіп келеді. Бұл шара полигондарға жіберілетін қалдық көлемін азайтуға мүмкіндік береді. Мысалы, «Эко Шина» компаниясы ескі шиналарды қайта өңдеп, балалар алаңдарына арналған резеңке төсеніштер шығарады. Ал Алматыдағы FoodBees компаниясы тағам қалдықтарын өңдеп, үй жануарларына арналған азық өндіреді. Жалпы, бұл бағытта 61 жобаға 374 миллиард теңге қарастырылған. Оның ішінде 28 жобаға 113 миллиард теңге көлемінде қаржы бөлініп, жаңғырту жұмыстары жүргізіліп жатыр, - деді ол.

Маманның айтуынша, Астана, Алматы және Шымкент қалаларында қалдықтарды өртеу арқылы энергия өндіретін зауыттар салынып жатыр. Сұрыптауға келмейтін қалдықтар осы зауыттарға жіберіліп, олардан газ бен энергия өндіру жоспарланған.

Айта кетейік, Елордада 80-нен астам стихиялық қоқыс үйіндісі жойылды.