Нұржан Нұржігітов Еуропалық қайта құру және даму банкінің өкілдерімен еліміздегі су шаруашылығы жүйесін талқылады

Фото: Фото: gov.kz

Су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітов Еуропалық Қайта құру және Даму банкінің Қазақстандағы өкілдерімен кездесті, деп хабарлайды Kazinform. 

Аталған министрліктің мәліметінше, бірінші кезекте тараптар қолданыстағы Ақтөбе, Жамбыл және Түркістан облыстарында су шаруашылығы жүйелерін реконструкциялау жөніндегі бірлескен жобаның мерзімін 2025 жылға дейін ұзартуды талқылады.

Қазақстандағы ЕҚДБ директоры Хусейн Озхан банк бұл мәселені ҚР Үкіметінің халықаралық қаржы ұйымдарымен ынтымақтастық жөніндегі үйлестіру кеңесінің қарауына шығаруға дайын екенін айтты.

Сондай-ақ Нұржан Нұржігітов реконструкция жұмыстарының уақытылы және сапалы орындалуын қамтамасыз ету үшін ЕҚДБ-мен бірлескен жобаларды басқару жөніндегі топ құруды ұсынды. Министр мұндай топтар Дүниежүзілік банкпен және Ислам Даму Банкімен ынтымақтастық аясында бар екенін атап өтті.

Хусейн мырза өз кезегінде ЕҚДБ бұл мәселеде ҚР Су ресурстары және ирригация министрлігімен ынтымақтасуға дайын екенін атап өтті.



«Іске асырылып жатқан жобалардың нәтижесі жайында жұмыс толық аяқталғаннан кейін ғана айтуға болады. Жұмысты 50%-ға ғана аяқтап, оң нәтиже күте алмайсыз. Сондықтан қолданыстағы жобаларды тезірек аяқтап, пайдалануға беру керек. Біз ұсынған Басқару тобын құру жөніндегі бастама осы бағыттағы маңызды қадам болады деп ойлаймын»,- деді ҚР Су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітов