Нұржан Өмірбек: Қазақ-түрікмен сауда-саттығының артуы — екі экономиканың бірін-бірі толықтыруының нәтижесі

Фото: Нұржан Өмірбектің жеке мұрағатынан

АСТАНА. KAZINFORM – Қазақстан мен Түрікменстан арасындағы сауда-саттықтың белсенді дамуы – саяси ұранның емес, екі экономиканың бірін-бірі толықтыруының нәтижесі. Мұндай пікірді Сыртқы істер министрлігі Сыртқы саяси зерттеулер институтының сарапшысы Нұржан Өмірбек білдірді.

- Түрікменстан Президентінің Қазақстанға мемлекеттік сапары екі ел арасындағы қатынастардың анағұрлым практикалық сипатқа ие болғанын көрсетті. Қазақстан мен Түркіменстан - ортақ шекарасы, Каспий теңізіне шығуы және өзара байланысты көлік бағыттары бар көрші мемлекеттер. Сондықтан олардың ынтымақтастығы уақытша немесе эпизодтық сипатқа ие болуы мүмкін емес. Ол география мен екі экономиканың табиғи мүдделеріне негізделеді. Сапардың басты мәні қай салалар жылдамырақ дамитынын және қандай тетіктер қосымша іске қосылатынын нақты айқындау болды, - деді сарапшы.

Оның атап өтуінше, алғашқы маңызды нәтижелердің бірі - сауда-экономикалық өзара іс-қимылдың негізін нығайту. Екіжақты тауар айналымын бір миллиард долларға дейін ұлғайту жөніндегі уағдаластық тараптардың экономикалық ведомстволардың жұмысына ортақ бағыт береді. Нақты меженің болуы жоспарлауды жеңілдетіп, рәсімдерді тәртіпке келтіреді. Реттеуші нормаларды үйлестіруге және шекараның екі жағындағы бизнеске тұрақты жұмыс істеуге кедергі келтіретін тосқауылдарды жоюға ықпал етеді.

- Қазақстан мен Түрікменстан арасындағы сауда бұрыннан белсенді дамып жатыр және бұл өсім саяси ұрандардың арқасында емес, екі экономиканың бірін-бірі толықтыруының нәтижесінде болып отыр. Қазақстан - ірі аграрлық және металлургиялық мемлекет, ал көршіміз - энергетикаға сүйенген, азық-түлік импортына тәуелді ел. Сондықтан сауда көлемінің артуы - заңды құбылыс, - деді ол.

Сарапшы келіссөздердің екінші негізгі бағыты ретінде көлік және логистиканы атады.

- Бұл салада Қазақстан мен Түрікменстан мүддесі іс жүзінде толық сәйкес келеді. Екі мемлекет те «Солтүстік - Оңтүстік» дәлізін күшейтуге және Каспий порттарының әлеуетін барынша пайдалануға мүдделі. Еуразияда транзиттік ағындардың қайта бөлінуі жүріп жатқан қазіргі кезеңде Қазақстан-Түрікменстан байланысы ең сенімді бағыттардың бірі ретінде қалыптасып келеді. Иран арқылы өтетін теміржол, Ақтау, Құрық және Түрікменбашы порттары, сондай-ақ автомобиль өткелдері Ресей мен Орталық Азиядан - Иранға, әрі қарай Үндістан мен Араб түбегіне бағытталатын жүктердің бір бөлігін тиімді бақылауға мүмкіндік береді. Сапар осы бағытты нақты бекітті. Тараптар өткізу қабілетін арттыруға, рәсімдерді біріздендіруге және инфрақұрылымды жаңғыртуға бағытталған ортақ әрекеттерді күшейтеді, - деді Нұржан Өмірбек.

Ол азық-түлік және ауыл шаруашылығы салаларында да ынтымақтастық кеңейіп келе жатқанына назар аудартты.

- Астық және қайта өңделген өнімдер экспорты бойынша ірі әлеуетке ие Қазақстан үшін Түрікменстан - тұрақты әрі географиялық тұрғыдан қолайлы нарық, сондай-ақ Ауғанстан мен Иранға шығатын өңірлік азық-түлік тізбектерін қалыптастыруға мүмкіндік беретін алаң. Шекара маңында астық терминалын салу идеясы стратегиялық мазмұнға ие. Ол шығындарды азайтып, жеткізілім болжамдылығын арттыратын және аймақтағы азық-түлік маршруттарын тұрақтандыратын логистикалық негіз қалыптастырады, - деді ол.

Нұржан Өмірбектің пайымынша, сапар аясында қол жеткізілген құқықтық, гуманитарлық және ақпараттық келісімдерді де жоғары бағалау керек. Миграция, юстиция, БАҚ, зейнетақы, ақпарат алмасу салаларындағы құжаттар екіжақты өзара іс-қимылға тұрақты негіз қалайды. Ортақ шекарасы бар мемлекеттер үшін мұндай шаралар азаматтардың байланысын жеңілдетеді, күнделікті мәселелердің шешілуін оңайлатады және әкімшілік кедергілерді азайтады. Мемлекеттік институттардың өзара түсіністігі артқан сайын кез келген ортақ жоба тезірек және сенімді түрде жүзеге асады.

- Келіссөздердің түйінді қорытындысы - Қазақстан мен Түрікменстан ынтымақтастығының ұзақ мерзімді, орнықты моделінің нығаюы. Екі ел қатынастарының іргетасы одан сайын нығайып, география, логистика және экономика анықтап берген шынайы байланыстар күшейіп жатыр. Сапар көршілердің өзара іс-қимылды барынша жүйелі және дәйекті жүргізуге дайын екенін көрсетті. Бұл - саяси мәлімдемелердің практикалық құрадармен бекітілетінін дәлелдейді. Дәл осындай қадамдар Каспий маңы мен «Солтүстік - Оңтүстік» бағыты үшін стратегиялық маңызы бар өңірлік тұрақтылықты қалыптастырады, - деді Нұржан Өмірбек.

Естеріңізге сала кетсек, кеше Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев пен Түрікменстан Президенті Сердар Бердімұхамедов арасындағы келіссөздер қорытындысында ресми делегация мүшелері бірқатар үкіметаралық және ведомствоаралық құжат алмасты.