Қазақтың Мұхтар Әуезов атындағы мемлекеттік академиялық драма театрында өткен бұл шараны Н. Байжұманұлының 70 жылдық мерейтойына орай Шәкен Айманов атындағы «Қазақфильм» киностудиясы ұйымдастырған болатын. «Қазақ жерінде, қазақ болып туғаныма өзімді бақыттымын деп санаймын», - деген мерейтой иесіне ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаев, Мәдениет министрі Мұхтар Құл-Мұхаммед, Астана қаласының әкімі Иманғали Тасмағамбетов, Алматы қаласының әкімі Ахметжан Есімов, Алматы облысының әкімі Аңзар Мұсаханов арнайы құттықтау хаттарын жолдады. Мерейтойда Алматы облысы әкімінің орынбасары Сәкен Жылқайдаров Н. Ықтымбаевқа жерлестерінің ыстық сәлемін жеткізіп, 40 жылдан астам уақыттан бері кино өнері арқылы елдің атын шығарып, мерейін өсіріп жүрген кино майталманының Алматы облысының құрметті азаматы атанғанын жеткізді. Сондай-ақ иығына шапан жауып, астына ат мінгізді.
«Нұржұман бауырыма қазақтың елін, жерін әлемге танытып жүргені үшін рахмет айтамын. Біз Нұржұман Ықтымбаевты мақтай бермей, онымен мақтануымыз керек. Мұндай адамдар біздің арамызда өте сирек. Ол дара туған талантты актер», - дейді өзінің жүрек жарды тілегін жеткізу үшін кешке арнайы келген КСРО халық әртісі Бибігүл Төлегенова.